15 сәуір күні Черногорияда қазақстандық құқық қорғаушы, «NeMolchi.kz» қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі ұсталып, Подгорица қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЭКСТРАДИЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ СОТ ІСІ ҚАРАЛУДА
Белсенді өз сөзінде бұл жағдайдың экстрадиция мәселесіне байланысты болатынын мәлімдеді. Алайда нақты не үшін ұсталғаны туралы оған ешқандай ақпарат берілмегенін айтады.
«Мені жаңа ғана ұстап, Подгорица полициясына әкелді. Ертең экстрадиция бойынша сот болады. Ұсталу себебін түсінбей тұрмын. Мені жай ғана сотқа жеткізуге болар еді, бірақ таңға дейін қамауға алу шешімі қабылданған», — деді Дина Таңсәрі Telegram желісінде жариялаған видеожолдауында.
Ашық дереккөздердегі ақпаратқа сәйкес, ол Астана уақыты бойынша шамамен сағат 18:00-де ұсталған. Сот шешімі 16 сәуірде жарияланбақ.
ҚОР ҚЫЗМЕТІ ЖӘНЕ ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
Айта кетейік, «NeMolchi.kz» қоры – зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің құқықтарын қорғаумен айналысады.
Бұған дейін Қазақстан Ішкі істер министрлігі Дина Таңсәріге қатысты қылмыстық істер Алматы, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстық полиция департаменттері тарапынан тергеліп жатқанын хабарлаған болатын.
Министрлік өкілдері Таңсәрінің әлеуметтік желідегі көптеген жарияланымдарының шындыққа жанаспайтынын алға тартты. Сонымен қатар, кейбір жазбалар жеке азаматтардың құқықтарын бұзып, олардың тарапынан негізделген шағымдарға себеп болғанын мәлімдеді. Ведомствоның дерегінше, Дина Таңсәрі шетелде жүріп, қор арқылы қаражат жинап, оны жеке қажетіне жұмсаған.