Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қай сөзімен келіспейтінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОҚАЕВ НЕ ДЕП ЕДІ
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін бірнеше рет “аумақтық тұтастық принципінің сақталмауы жаңа мемлекеттердің пайда болуына, олардың өзара қақтығыстарға ұрынуына әкеледі” деген пікір білдірген болатын.
ЛАВРОВ МҰНЫМЕН КЕЛІСПЕДІ
Алайда Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Коммерсантъ» газетіне берген сұхбатында бұл пікірмен келіспейтінін айтты. Оның айтуынша, Тоқаев үшін «тек аумақтық тұтастық құқығы ғана бар». Ал БҰҰ Жарғысында көрсетілген өзге қағидаттар да ескерусіз қалмауы тиіс.
– Атап айтқанда, бұл құжатта халықтардың өзін-өзі анықтау құқығы да бар, – деп еске салды ол.
ЛАВРОВТЫҢ СӨЗІ
- Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сол жолғы мәлімдемесін есімде сақтап қалдым. Мен онымен келіспеймін. Кейін біз өз позициямызды қазақ достарымызға түсіндірдік. Мысал ретінде деколонизация (отарсыздандыру) үдерісін келтірдім. Бұл – мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастардың қағидаттары туралы декларацияда жазылған жайттар. Ол жерде не делінген болса – дәл солай орын алды. Яғни, аумақтық тұтастық сол аумақта тұратын халықтың барлығын өкілетті түрде таныстыратын үкіметтерге ғана қатысты құрметтеледі. Ал Париж, Лиссабон, Мадрид, Лондон – бұл колониялық мемлекеттердің ешқайсысы отарланған аумақтардағы халықтың барлығын білдірмеді. Сол себепті отарсыздану процесі БҰҰ Жарғысына толық сай түрде жүзеге асты, дейді Лавров.
БҰҒАН ДЕЙІН
2022 жылы маусым айында өткен Петербор халықаралық экономикалық форумында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путиннің көзінше «ДХР» мен «ЛХР»-ды (Донецк және Луганск халық республикалары) квазимемлекеттік құрылымдар деп атаған болатын. Бұл мәлімдеме Ресейде үлкен резонанс тудырды.
- Егер жер бетіндегі барлық ұлттарға өзін-өзі анықтау құқығы берілсе, қазіргі 193 мемлекеттің орнына 500–600-ден астам ел пайда болар еді. Бұл – нағыз хаос. Сол себепті біз Тайваньды да, Косовоны да, Оңтүстік Осетия мен Абхазияны да мойындамаймыз. Бұл қағидат квазимемлекеттік құрылымдарға да қатысты қолданылады. Біздің ойымызша, Луганск пен Донецк – осындай аумақтар, – деген болатын Тоқаев.