Ресей СІМ Мәскеуде Қырғызстан азаматтарының қатты күш қолдану арқылы ұсталғанына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
ТАСС агенттігіне берген мәліметінде Ресей сыртқы істер министрлігі 59 адамның ішінде 25-і елде заңсыз жүргенін растады. Одан бөлек, кейбір азаматтар радикалды топтарға қатысы бар деген күдікке ілінген.
Сонымен қатар, СІМ Қырғызстан азаматтарын ұстау кезінде полиция тарапынан артық күш қолданылғаны туралы да пікір білдірді. Министрлік «шетелдіктер құқық қорғау органдарына қарсылық көрсеткендіктен күш қолданылған» деп түсіндірді.
ОҚИҒА ТУРАЛЫ
Еске салайық, Мәскеу полициясына қырғыз мигранттарын моншада 5 сағат бойы ұрып-соқты деп айып тағылған болатын. Желіде бейнежазба камерасына түсіп қалған кадрлар тарады. Онда құқық қорғау органдары қызметкерлері азиялық ер адамдарға күш көрсетіп, айғайлап жатқанын көруге болады. Моншаның ішінде болған мигранттардың бірі журналистерге оқиғаның шынымен болғанын растап, жағдайдың барлық егжей-тегжейін айтып берді.
ҰРЫП-СОҒЫП, МАЗАҚ ЕТКЕН
Мәскеуде бір айдан астам уақыт такси жүргізушісі болып жұмыс істеп жүрген Әлихан 10 сәуір кешке ағасымен және немере ағасымен бірге моншаға барған. Шамамен жарты сағаттан кейін олар әлдекімдердің есікті қалай сындырып жатқанын естіген және дүрбелең басталған.