×
521.9
593.5
6.39
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
521.9
593.5
6.39

Өзен арнасына өз бетінше ешкім бұрып алған жоқ – Су министрлігі депутаттың сөзін жоққа шығарды

Өзен арнасына өз бетінше ешкім бұрып алған жоқ – Су министрлігі депутаттың сөзін жоққа шығарды
Ulysmedia.kz коллажы

Су ресурстары және ирригация министрлігі депутат Мақсат Толықбайдың Жамбыл облысында өзен арнасын әлдекім өз бетінше бұрып алғаны туралы сөзін жоққа шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ДЕПУТАТ НЕ ДЕП ЕДІ

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай 2 сәуірде өткен мәжіліс отырысында Жамбыл облысында әлдекім бір фазенда үшін бастауын Қырғызстаннан алатын Шу өзенін өзінің қорасына бұрып алған деп мәлімдеген болатын.

- Шу-трансшекаралық өзен. Сырдарияға барып қосылуы керек. Алайда, етектегі елге жетпей, Созақ даласы сорға айналғалы бірнеше жыл болды.  Тұрғындардың айтуынша, тас пен топырақтан бөгет салып, өзеннің ағысын тоқтатып тастаған мойынқұмдық бизнесменге сот жоқ. 12 мың ірі қарасы бар дейді. Дронмен түсірілген фото-видеоларына дейін қолыма ұстатты. Өзен бірнеше жерден заңсыз бөгелген, дейді Толықбай. 

Оның сөзінше, маусым айында Жамбыл облысына барған сапарында бұл ақпараттың рас-өтірігін премьер-министрдің өзі сұраған.

- Алайда, жергілікті шенеуніктер мен салалық министірлік бұл «жалған ақпарат» деп Бектеновті кері қайтарған. Су ресурстары министрі бұл фазенданы неге қорғаштап әлек? Жағдайды білмей ме, әлде кәсіпкерге сөзі өтпей ме? Немесе 12 мың сиыр асырайтын шаруашылық министр Нұржан Нұржігітовтың өзіне тиесілі ме?, деп шүйлікті депутат. 

МИНИСТРЛІК НЕ ДЕДІ

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, 8 сәуірде министр Нұржан Нұржігітов Түркістан облысы, Созақ ауданының тұрғындарымен кездесіп, өңірдегі су мәселесіне қатысты жобалардың жүзеге асырылып жатқандығы туралы және осы жылы Шу өзенінің суын тиімді бөлу және реттеу нәтижесінде су ағынының 1 айға ерте келгені, сондай-ақ өткен жылдан 300 млн метр куб артық су жіберілгені туралы мәлімдеген.

- Кездесу барысында Тасөткел су қоймасынан секундына 75 метр куб су және Фурманов су торабынан Қорағатты өзенінің суын қоса алғанда секундына 85 метр куб суды 1 мамырға дейін жіберу туралы келісілді. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар, Мойынқұм аудан әкімдігінің ақпаратына сәйкес, Мойынқұм ауданы аумағында өзең маңайында 68 шағын шаруа қожалығы және екі ірі ЖШС бар, оларда тиісінше 5800 және 1700 бас ірі қара мал ұсталады, делінген депутатқа берілген жауапта. 

Сонымен қатар, министрліктегілер өзен арнасын бұрып алу – жалған ақпарат екенін айтты. 

- Өзен арнасын өз бетімен бұру фактілері орын алмаған және барлық суармалы алқап су шаруашылығы лимиттері мен рұқсатталған тәртіпке сәйкес сумен қамтамасыз етіледі. Су ресурстары және ирригация министрлігі Шу өзеңінің бойында орналасқан аудандарға тұрақты түрде су жеткізуді басты міндеттердің бірі деп санайды. Жалпы, депутат айтқан мәселелер министрліктің ерекше бақылауында екендігін атап өтеді, дейді министрліктегілер. 

Серіктес жаңалықтары