Өзбекстан билігі Гүлнара Кәрімованың бостандыққа шығатыны туралы тараған ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұған дейін әлеуметтік желілер мен бірқатар БАҚ-та Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы бостандыққа шықты деген ақпарат тараған болатын. Бұл мәліметті UzNews.uz порталы бірқатар дереккөзге сүйене отырып жариялаған.
Алайда Өзбекстан жоғарғы сотының баспасөз қызметі бұл мәліметті жалған деп мәлімдеді.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін Гүлнара Кәрімованың 182 млн доллар активі Өзбекстанға қайтарылатынын хабарлаған едік. Өзбекстанның әділет министрлігінің мәліметінше, 6 ақпанда қол қойылған келісім аясында 182 миллион доллар көлеміндегі қаражат Швейцариядан Өзбекстанға аударылады. Бұл қаражат әлеуметтік маңызы бар жобаларға жұмсалады.
ГҮЛНАРА КӘРІМОВАНЫҢ ІСІ
Гүлнара Кәрімова — Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы. 2013 жылдан бастап Гүлнара Кәрімоваға қатысты сыбайлас жемқорлық және ақшаны жылыстату айыптары бойынша тергеулер жүргізілді. 2015 жылы ол ұрлық және бопсалау айыптары бойынша 5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. 2017 жылы жаңа айыптар тағылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды, кейін бұл жаза 5 жылға үйқамаққа ауыстырылды. 2019 жылы үйқамақ шарттарын бұзғаны үшін жалпы режимдегі колонияға ауыстырылды. 2020 жылы Ташкент қалалық соты оны қастандық, бопсалау, ысырап ету және ақшаны жылыстату сияқты айыптар бойынша 13 жыл 4 айға бас бостандығынан айырды.
2024 жылдың желтоқсанында Гүлнара Кәрімова Ташкент облысының Зангиата ауданындағы әйелдер колониясынан сол ауданның колония-қонысына ауыстырылды.
Швейцария прокуратурасы Гүлнара Кәрімованы халықаралық қылмыстық ұйымды басқарды және ақшаны жылыстатты деп айыптады.