Алматының Алмалы аудандық соты көші-қон полициясының бұрынғы аға инспекторы Данияр Әденовті салғырттық айыбы бойынша кінәлі деп тапты. Іс бойынша, айыпталушының салғырттығы Алматы тұрғыны Индира Тергеубаеваның өміріне қастық жасалуына жол берген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz "Азаттық радиосына" сілтеме жасап.
Бұл туралы Тергеубаеваның адвокаты хабарлады. Сот сондай-ақ көші-қон полициясы қызметкерлеріне екі жеке қаулы шығарды.
Судья Қайрат Иманқұлов айыптау үкімін шығарғанымен, "ескіру мерзіміне" сілтеп, Әденовті қылмыстық жауапкершіліктен босатқан.
Әденов Ресей азаматы Әли Боприевті Қазақстаннан кетіруге міндетті болған. Боприев бұрынғы әйелі Индира Тергеубаеваның қыр соңына түсіп, мазасып алған, оған зорлық-зомбылық жасағаны үшін бірнеше рет айыпты деп танылған. Ақыры 2021 жылы Қазақстан жоғарғы соты оны елден депортациялау туралы қаулы шығарған. Бірақ сот қаулысы орындалмады. Бір жарым жылдан соң Боприев бұрынғы әйелі жұмыс істейтін дүкенге келіп, оған және өзіне бензин құйып өрт қойған. Боприев қаза тауып, денесі қатты күйген Индира тірі қалған.
Индира үш жылдан астам уақыт бойы осы оқиғаға жол берген құқық қорғау органы қызметкерлерін жауапқа тартуға талпынып келеді. Бастапқыда оның адвокаттары "әрекетсіздік" бойынша (Қылмыстық кодекстің 370-1-бабы) іс қозғауды талап еткен. Бірақ Боприевтің қазасы мен Индираның ауыр жарақатына қарамастан, сотқа дейінгі тергеу кезінде-ақ іс жазасы жеңілдеу 371-бапқа ("салғырттық") ауыстырылған.
Тараптардың пікірталасы кезінде прокурор соттан айыпталушыға қарсы істі "ескіру мерзіміне" байланысты тоқтатуды сұраған. Заң бойынша, егер қылмыстың салдары ауыр болмаса және содан бері екі жыл өтсе, істі жабуға болады. Әденов жасады деген құқықбұзушылықтан бері екі жылдан астам уақыт өтті деді прокурор.
СОТ ҚАЛАЙ ӨТТІ?
Индираның адвокаты Айнара Айдарханова құқық қорғау органы қызметкерлері қылмыстық іс қозғауға мейлінше кедергі келтіріп, тергеуді созбақтады дейді. Олар істі ашу үшін ғана кемі жарты жыл уақыт кетірген. Ал Тергеубаеваны жапа шегуші деп тануға тағы 15 ай кеткен. Іс шабуылдаушының қазасына байланысты деп бірнеше мәрте жабылып та қалған.
"Өкінішке қарай, Қазақстанда әйелдер қастыққа, қудалауға, ұрып-соғуға және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болып жатады. Ал Тергеубаева үнсіз қалмайтын әйелдер қатарынан табыла білді. Бұл – әрдайым өз құқығы үшін күрескен әйел. Бірақ ол үнсіз отырса да, отырмаса да нәтиже біреу, – деді Айдарханова.
КҮРЕС ӘЛІ АЯҚТАЛҒАН ЖОҚ
Данияр Әденовке айыптау үкімі шыққанына қарамастан, Индира мен оның қорғаушылары әділет жолында бұдан әрі де күреспек. Тергеубаева Қазақстан президентінің қабылдауына жазылып, бас прокуратураға арыз жазған.
Прокурордың мәлімдемесінен соң Индира Тергеубаева жалғыз адам пикетін өткізбек болған. Бірақ Алматы әкімдігі оның акция өткізуге деген ешбір өтінішін мақұлдамаған. Адвокаттардың айтуынша, әкімдік өз шешімін негіздей алмаған. Сөйтіп олар қала әкімдігі үстінен әкімшілік арыз түсірген.
Осы жылдары Индира Тергеубаева әділдік іздеумен қатар тәні мен жанының саулығын оңалтумен айналысып келді. Алған жарақаты салдарынан оны екінші топтағы мүгедек деп таныған. Бірақ бұл статусты жыл сайын растап тұру қажет. Индираға осы кезге дейін он күрделі ота жасалған. Қазір ол тұрақты түрде оңалту шараларына барып жүр.