×
515.03
584.82
6.24
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
515.03
584.82
6.24

"Пессимизмнен арылатын уақыт келді": Ерлан Қарин қазақ тілі туралы мәлімдеме жасады

Бүгін, 09:40
"Пессимизмнен арылатын уақыт келді": Ерлан Қарин қазақ тілі туралы мәлімдеме жасады
Ortcom.kz

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында сөйлеген сөзіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Қариннің айтуынша, мемлекет басшысының сөзінен кейін әлеуметтік желілерде мемлекеттік тіл мәртебесіне қатысты пікірталас өршіп кеткен.

– Өз пікіріңді бөлісіп, ұстанымыңды ашық білдірген дұрыс. Бірақ "билік қазақ тілін сатып кетті" деу – бос әңгіме мен дүрлігу ғана. Ондайға негіз жоқ. Тілге қатысты мемлекеттің ұстанымы өзгерген жоқ. Қазақ тілін елдегі ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру бағыты үздіксіз жалғасып жатыр және жүйелі түрде жүзеге асады, – деп жазды ол.

Ерлан Қарин қазақ тілінің болашағына пессимистік көзқараспен қараудан бас тартуға үндеп, оның қоғамдағы рөлі артып келе жатқанын айтты.

– Ең бастысы – қазақ тілі жастардың тіліне айналды. Жас ғалымдар, әртістер, кәсіпкерлер өз саласында ана тілін кеңінен қолданып, дамытып жүр. Сондықтан "қазақ тілінің болашағы жоқ" деу – мүлдем қисынсыз, – деді мемлекеттік кеңесші.

Сондай-ақ ол мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруды күшпен немесе популизм арқылы жүзеге асыру мүмкін емесін, мұндай тәсілдердің ел тұрақтылығына кесірі тиюі мүмкін екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазақ тілін дамыту нақты жоспарлар мен жүйелі жұмыс арқылы ғана іске асады.

Еске салайық, 25 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында сөйлеп, ешкімнің халыққа қай тілде сөйлеу керегін күштеп таңуға құқығы жоқ екенін айтқан еді. Мемлекет басшысы бұл тақырыпта алауыздық тудыру әрекеттері заң аясында қатаң жазаланатынын ескерткен.

Серіктес жаңалықтары