Шерзат өліміне байланысты сот процесінде мемлекеттік айыптаушы марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың жауаптарын оқыды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Нұрқанат бұл істе жәбірленуші ретінде танылған.
- Сол күні Қамажай дүкенінің қасындағы ет сататын дүкенге ет алып келдім. Ол кезде 19.00-19.30 шамасы болған. Сол уақытта әкем Болат Нұрымов хабарласып, “үйге қауын алып келші” деді. Шерзат екеуіміз дүкеннің ішін реттестіріп болдық, сағат 20.00 шамасы болатын. Шерзат күндізден бері менің қасымда, бірге мал сойдық. Үйге қайтайық дегенімде “Нұрқанат аға, сіз үйге қайта беріңіз, мен дүкенді реттеп, тазалап, барамын” деді. Үйге жалғыз қайттым. Кешке тамағымды ішіп, жатып қалдым. Ұйықтап жатқан кезде түнгі сағат 23.00 шамасында жеңгем оятып, Қаржаубай ағам хабарласып жатқанын айтты. Сөйлесіп едім “шұғыл дүкенге келші” деді. Мен Шерзатқа хабарластым, себебі Қаржаубай Шерзат біреумен төбелесіп қалғанын айтты, деген Нұрқанат.
Шерзат біреумен ерегісіп қалғанын, оны ұрып жібергенін және шұғыл келуі керегін айтқан.
- Мен әкемнің көлігін алып, дүкенге келдім. Дүкеннің алдында бір жігіт жүрді. Ол Дархан деген жігіт екен. Ол Шерзатпен ерегісіп тұрды. Шерзаттың айтуы бойынша, дүкенге телефон қуаттағышты алуға келіп еді, Дархан әкесімен дөрекі сөйлесіп тұр екен. Шерзат керек затын алып, дүкеннен шыққан. Содан кейін Дархан да дүкеннен шыққан. Шерзат оның қасына келіп “аға, кетпейсіз ба? әкеме неге дөрекі сөйлеп жатырсыз?” деп сұраған. Сол кезде Дархан дөрекі сөйлеп, шешесінен былапыт сөз айтқан, сол кезде Шерзат оны ұрып жіберген екен. Артынан Дарханға келіп “жігітше шешейік, ертең сау күйде шешейік” дедім. Сосын ол Нұрболға (сотталушы) хабарласты. Нұрбол гольфпен келді. Олар екеу болып келді. Нұрбол “мен хуторскиймін, мені танисың ба?” деді. Мен өзімді таныстырдым. Нұрболға “ертең адам сияқты сөйлесейік, ішіп алған әңгіме, ертең сөйлесейік” дедім. “Ақша десең ақша, ертең сөйлесейік, күндіз осында боламын” дедім. Нұрбол не жағдай болғанын сұрады. Мен Шерзат Дарханды ұрып жібергенін айттым, делінген Нұрқанаттың жауабында.
Артынан дүкеннен Қаржаубай шығып, ақша түспегенін айтқан.
- Дархан Қаржаубайға жалған чек көрсетіп, дөрекі әңгіме басталған. Нұрбол менімен ерегісіп, менімен агрессиямен сөйлесті. Мен барынша сабыр сақтап тұрдым. Артынан Нұрбол дүкенге кіріп, өзі төледі, мен “ертең кел, ертең сөйлесейік” дедім. Сол кезде Нұрбол “жарайды” деп қол алысып кеткен. Артынан дүкенге кіріп кеттік. Көліктің кілтін Шерзатқа беріп, “үйге қайт” дедім. Сол кезде гольфпен Дархан, Нұрбол мен жүргізуші жігіт келіп, қайтадан жанжал басталды, делінген Нұрқанаттың жауабында.
Дархан беті жыртылғанын айтқан.
- Үшінші жігітке “мыналарды алып кет” дедім. Осы уақытта Қаржаубай мен Нұрбол екеуі жанжалдасып шықты. Екеуінің арасын Шерзат арашалап тұрды. Сол кезде Қаржаубай “мынаның қолында пышақ бар” деді. Мен түсінбей тұрдым. Сөйтсем дүкеннің ішінде Нұрбол Қаржаубайға пышақ көрсеткен екен. Сол кезде Нұрбол бауырларына хабарласты. Ең бірінші “Чикаға”, кейін Нұрқиясқа хабарласты. Сол кезде төбелес болатынын түсіндім. Шерзатқа үйге қайт дедім, кетіп қалды. Мен дүкеннің алдында қалдым да Нұрболмен сөйлестім. Ушықтырмайық деп едім, Нұрбол “бауырым кешірім сұрап тұрсың ғой” деп қойды. Артынан басқа көліктер келіп, жігіттер түсе бастап, Абзал, Нұрқияс пен Шыңғыс, тағы бір бала мен екі қыз шықты. Бәрі амандасты, кейіннен көліктен түскен бірінші жігіт те амандасты, түрі таныс көрінді. Ол маған қарап “мен шалмын ғой” деді, “ары кетсе отызда шығарсың” дедім. Ол күліп, дүкен жаққа кетіп, дүкеннің есігін ашып, артындағы жігіттерге “делайте” деді, делінген Нұрқанаттың жауабында.
Сол уақытта Нұрқияс дүкен жақта Ахмет деген баланы ұрып жіберген.
- Бала есеңгіреп, бетонға құлады. Абзал (сотталушы) оны жағасынан ұстап тұр екен. Қолынан Ахметті жұлып алып, қаш дедім. Бір кезде жігіттер маған атылды, Нұрқияс мені ұрып жіберді. Мен де оны ұрып, соққы көкірегіне тиді. Қаржаубай ағам дүкеннен шыға алмай тұр екен, есікті бір қыз ұстап, жібермей тұрған. Аяғымен есікті тіреп тұрған. Тағы бір қыз мерседестің қасында тұрды. Сол кезде пышақ шыға бастады. Мерседестен бір қыз пышақтарды алып беріп тұрды. Нұрқияс маған пышақ сермеді. Осы уақытта Шерзат қайдан пайда болғанын білмеймін, ол Абзалды ұрып жіберіп, ол ары қарай шегінді. Маған он шақты бала жүгіріп, Шерзат маған келіп, қашайықшы деді. Сол кезде төбелес басталды, делінген марқұм Нұрқанаттың жауабында.
Сол сәтте Нұрқанат Шерзатқа “сен қаша бер” деген.
- Мен барынша алыстым. 10-15 метр жерде Шерзат “Нұрқанат аға, мыналар маған бір нәрсе тығып алды” деп үш рет айғайлады. Шерзатты құшақтап едім, сол жақ арқа тұсынан пышақ кіргенін көрдім. “Жігіттер, тоқтаңдаршы, жедел жәрдем шақырыңдаршы дедім. Сол кезде Шерзатты қорғайын деп құшақтап тұрдым. Бірнеше жігіт келіп, ұра бастады, Абзал оң жақ жамбасыма пышақ тықты. Пышақты шығарып, үшінші рет жамбасымнан пышақ сұқты, сол кезде біреу басымнан тепті, оң жақ құлағымның тұсынан темір сияқты нәрсемен ұрды. Артынан есімде жоқ, ауруханада ояндым, делінген жауапта.
НҰРҚАНАТТЫҢ ҚАЗАСЫ
Ресми мәліметке сәйкес, Нұрқанат Ғайыпбаев өз-өзіне қол салған. Полиция ер адам күзетілетін объектіден сағат 23:30-да жеке автокөлікпен шығып кеткенін хабарлады.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін екінші куәгер Дана Жақсыкелді жауап берген болатын. Сонымен қатар, үшінші куәгер Юлдаш Розыбакиев сотталушы Абзал мен Нұрқиясты ғана танитынын айтты. Ол қалған сотталушыларды танымайтынын жеткізді. Шерзат ісінде тағы бір куәгер Арлан Қазыкенов жауап берді.
Одан бөлек, 28 сәуір күні Талғардағы қанды төбелесте қаза тапқан Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесіне бесінші куәгер Самат Абдықадыр келіп, тараптардың сұрағына жауап берді. Самат – сотталушы Дидар Қалиахметовтің бауыры.
Сотта күдіктінің тағы бір бауыры Дәулет Мұратов та келіп, тараптардың сұрағына жауап берді.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
2024 жылы 4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.
Өткен аптада Шерзат Полат ісі бойынша сот процесі қалай өткенін мына екі сілтемеден көруге болады.