АҚШ Еуропадағы одақтастарына Ресей президенті Владимир Путинмен жүргізілген келіссөздердің тығырыққа тірелгенін хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Financial Times басылымы америкалық, еуропалық және украиналық дипломатиялық дереккөздерге сілтеме жасап хабарлайды.
Басылымның мәліметінше, соңғы екі ай ішінде Ақ үй мен Кремль өкілдері арасында алты раунд келіссөз жүргізілгеніне қарамастан, ешқандай ілгерілеу болмаған. Соңғы кездесулерден оралған АҚШ шенеуніктері қандай да бір уағдаластықтың мүлде жоқ екенін хабарлаған. Бұл жағдай Вашингтонда алаңдаушылықты күшейткен.
Келіссөздің тығырыққа тірелуінің негізгі себептерінің бірі — Ресей президенті Владимир Путиннің Украинада қорғанысқа қабілетті армияны сақтау талабына келіспеуі. Аталған талапты АҚШ қолдағанына қарамастан, Кремль өз талаптарынан бас тартар емес. АҚШ тарапынан санкцияларды алып тастау, бірлескен бизнес жобалар мен Қырымды Ресейдің бөлігі ретінде тану сынды кең көлемді ұсыныстар болғанымен, Ресей тарапы “Украинаны денацификациялау” сияқты шектен шыққан талаптарын ұстануды жалғастыра берген.
Осы жағдайға байланысты, АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің екінші мерзімінің 100-күніне орай, бейбіт процесстен шығу мүмкіндігін шындап қарастырып отыр, деп жазады FT. Дереккөздер Трамптың қандай да бір келісімге тезірек қол жеткізуге ұмтылып отырғанын, тіпті ол бастапқы мақсаттардан әлдеқайда төмен болса да, маңызды емес екенін айтады. Ақ үй кез келген — тіпті символдық сипаттағы ілгерілеуді өз “бейбіт миссиясының” аяқталуы ретінде жариялауға ниетті.
Газет тілдескен сарапшылар мен дипломаттар Путиннің ұстанымы әлі де қатаң екенін, ал Мәскеу мен Вашингтон арасындағы келіспеушіліктер Украинадағы соғысты жақын арада тоқтатуға деген үмітті мүлде жойып жіберуі мүмкін екенін атап өткен.