Бұл туралы бас прокурор Берік Асыловтың депутаттарға берген жауабында жазылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бас прокурордың жауабында, қылмыстық қудалау органы «Ozon» маркетплейсінің Қазақстандағы өкілдігіне қылмыстық құқық бұзушылықтар жəне басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мəн-жайларды жою жөнiндегi ұсыным (қылмыстық процестік кодекстің 200-бабының тəртібінде) қылмыстық іс шеңберінде жолданғанын жазған.
Нəтижесінде «Ozon» сайтынан жазуы бар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын сату туралы, сондай-ақ кез келген діни материалдарға қатысты барлық жарнамалар алынып тасталды. Сонымен қатар Мəдениет жəне ақпарат министрлігі маркетплейстерде діни материалдардың таралуын заңнамалық реттеу мəселесін қарастырып жатыр, – дейді бас прокурор Берік Асылов депутаттарға берген жауабында.
Мұның алдында Атырауда туды өзгертіп, тұмшаланып суретке түскен 4 қыз қалай жазаланғаны белгілі болған еді.
Әлеуметтік желіде дүрбелең тудырған фотодағы Қазақстанның туын интернет дүкендер сатып жатқаны белгілі болған. Оның ішінде Wildberries те бар (ол жердегі жарнама да жойылған). Құны 855 рубльден басталып 947 рубльге дейін барады. Бұл теңгеге шаққанда 5-6 мың теңгенің арасында болған.
ФОТО ЖАЙЛЫ
Бұл фото Атыраудағы Хиуаз Доспанова атындағы Мұз сарайында түсірілуі мүмкін. Атырау облыстық полиция департаменті қазір суретке түскендер анықталғанын хабарлады.
Әлеуметтік желіде таралған жазба бойынша мемлекеттік рәміздерді қорлау бабымен қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Таралған жазбадағы төрт күдікті де анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Олардың екеуі жасөспірім болғандықтан, ата-анасының қатысуымен жауап алынуда. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялануға жатпайды, – делінген полиция хабарламасында.
Олар ұстап тұрған Қазақстанның Мемлекеттік туының жоғарғы жағында арабша жазу жазылып, қылыштың бейнесі суреттелген. Яғни Сауд Арабиясы туының элементтері қосылған.
ТОҚАЕВ НЕ ДЕДІ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін ұлттық құрылтайда ұлттық киімдердің рөлі туралы айтқан еді. “Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе, әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі ұлттық киім бұл – біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек” деді президент.