Bloomberg агенттігінің жер шарындағы ең дәулетті 500 адамның жаңа тізімінде жалғыз қазақстандық бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ол – Владимир Ким. Кәсіпкер 433-орынға жайғасқан. Оның байлығы 7,21 миллиард доллар деп бағаланған. Айта кетейік, жыл басынан бері Кимнің қаржысы 155 миллион долларға артып, 2,2 пайызға көбейген.
64 жастағы Владимир Ким – Forbes мәліметі бойынша, KAZ Minerals Ltd компаниясының акционері, президенті. Бұл топ құрамына Павлодар облысындағы Бозшакөл мен Шығыс Қазақстандағы Ақтоғай атты ашық типтегі кеніштер, Шығыс Қазақстандағы үш жерасты кеніші және Қырғызстандағы Бозымшақ алтын-мыс кеніші кіреді. Сондай-ақ Ким – «Bank RBK» АҚ-ның (ТОО «КСС Финанс» арқылы) ірі үлескері. «Kazakhmys Copper» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі.
АПАТТАР
Кейінгі 15 жылда «Қазақмыс» кәсіпорындарында қанша қызметкер қаза тапқанын жазған едік. Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында құтқарушылар тобы "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС-нің жеті қызметкерінің денесін тапқан. Артынша Ұлытау облысында үйінді астында қалған жеті кеншінің суреттері жарияланды. Сонымен қатар, 20 ақпанда «Қазақмыс» қаза тапқан жеті кеншінің отбасына көрсетілетін көмекке қатысты мәлімдеме жасады.
Айта кетейік, "Қазақмыс" корпорациясының иесі – Владимир Ким. Ол жыл сайын Қазақстандағы ең ауқатты кәсіпкерлердің қатарынан көрінеді. 2024 жылы Forbes нұсқасы бойынша Ким елдегі ең бай төртінші кәсіпкер атанған.
Бұған дейін Ulysmedia дереккөздеріне сүйене отырып, "Қазақмыс" басшылығы сегіз стратегиялық кен орнын сату бойынша келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлаған. Бұл кен орындарын сатып алуға мүдделі инвесторлардың арасында тағы да шетелдік компаниялар бар.