«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әсет Мағауовқа компаниядағы топ-менеджерлердің сыйақысы мен бензин бағасына қатысты сауал қойылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қазақстан бензині әлемдегі ең арзан елдердің бірі саналады. Кез келген жеңілдік тек нақты мұқтаждарға бағытталуы тиіс. Біз бензин мен дизельді оңды-солды, тек Қазақстанға емес, транзиттік көліктер мен көршілес елдердің азаматтарына да тарата алмаймыз, – деді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әсет Мағауов үкіметте журналистерге.
Оның айтуынша, компанияның басты міндеті – пайда табу және мемлекетке салық төлеу.
Сол салық есебінен әлеуметтік осал топтарға нақты көмек көрсетіледі. Ал бізде керісінше – байға да, кедейге де бәріне бірдей таратып жатырмыз. Мұнай өнімдері – бұл мемлекеттің байлығы. Біз мұнай өңдеуді арттырсақ, шикі мұнай экспортын азайтамыз. «ҚазМұнайГаздың» міндеті – мұнай өнімдерінің қымбаттауынан түсетін салық көлемін көбейту, – деді Мағауов.
СЫЙАҚЫ ЖӨНІНДЕ СҰРАҚҚА ЖАУАП ЖОҚ
Алайда Мағауов компания басшылығына берілген сыйақылар туралы нақты жауап бере алмады. Журналистердің айтуынша, «ҚазМұнайГаздың» 17 топ-менеджеріне жалпы көлемі 705 миллион теңге сыйақы төленген.
Сыйақы көп пе, аз ба менде ондай ақпарат жоқ. Қаржы блогына сұрау жолдаңыздар, олар әр адамға қатысты толық талдауын береді, – деп қысқа қайырды КМГ басқарма төрағасының орынбасары.
Еске салайық, бұған дейін Әсет Мағауов Атырау мұнай өңдеу зауытының тағдырына қатысты да пікір білдірген еді.