Оман сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидтің Астанаға сапары келіссөз жүргізу қабілетін халықаралық ықпалға айналдыра алған елге назар аударуға себеп болды.
Астана Оман сұлтанын күздің қоңыр салқынында қарсы алды. Суық жел, түнерген бұлт, жаңбыр. Біз ұшақ қонуына шамамен бір сағат қалғанда VIP-терминалға келдік. Қазақстандық делегация мен журналистер де қарсы алуға дайындалып жатқан. Жылынып, техникаларын тексеріп жатты. Бәрі тиянақты, жинақы. Абыр-сабыр жоқ.
Сағат 16:43-те ұшақ қонды. Дәл уақытында.
Алып ұшақтың көлемі кең әуежайдың өзінде айрықша көрінді. Қазақстан шекарасынан өткен сәттен бастап оны әскери-әуе күштеріміздің жойғыш ұшақтары алып жүрді. Әуежайдың ұшу алаңында құрмет қарауылы мен президенттік оркестр сап түзеп тұрды.
Фото: Ulysmedia.kz
Елорда екі елдің туларымен безендіріліп, негізгі көшелерде полиция мен әскери қызметкерлер кезекшілік атқарды, әскери техника да қойылды.

Фото: Ulysmedia.kz

Фото: Ulysmedia.kz

Фото: Ulysmedia.kz
Біз стендап жазып, өзімізге бөлінген орыннан түсірілімді бастап кеттік.

Фото: Ulysmedia.kz
Әуежай ғимаратынан Қасым-Жомарт Тоқаев шықты.

Фото: Ulysmedia.kz
Шынымды айтсам, мінезі қатал, сұсты монархты көремін деп ойлағам. Бірақ Оман сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид күлімсіреп тұрды. Ол маған ақжарқын адамдай көрінді. Тоқаев оны шын пейілмен жымиып қарсы алды. Қызыл түсті ұлттық киім киген бойжеткен ақ және алқызыл раушан гүлдерінен құралған гүл шоғын ұсынды. Оркестр ойнады.

Фото: Ulysmedia.kz

Фото: Ulysmedia.kz
Оман қауіпсіздік қызметінің өкілдері де тілдесуге ықыласты болды. Кездесуді күтіп тұрған кезде делегация мүшелерімен сөйлесіп, Қазақстандағы Оман елшісі Салах Джабубтан сұхбат алуға мүмкіндік туды. Ол еліміздегі қызметіне жақында ғана кіріскен: Сыртқы істер министрлігіне сенім грамотасының көшірмесін 15 қыркүйекте тапсырған.
Дипломат Қазақстанның ашықтығы мен сыртқы саясаттағы байыпты ұстанымын атап өтті. Оның айтуынша, күрделі геосаяси ахуалға қарамастан, Қазақстан мен Оман жетекші державалармен сындарлы қарым-қатынасты сақтап келеді. Бұл тәжірибе сыртқы саясатта дербес болу және диалогты жалғастыра білу айрықша мәнге ие екі елді жақындастырады.

Фото: Ulysmedia.kz
Меніңше, бұл сапардың саяси маңызын дәл осы дипломатия түсіндіреді. Экономикалық келісімдердің қаншалықты маңызды екенін олардың мазмұнына қарап бағалауымыз керек. Бірақ қазірдің өзінде Қазақстан өз аумағынан әлдеқайда ауқымды халықаралық рөл атқаратын мемлекеттің басшысын қабылдап отырғаны анық.
ДАҢҒАЗА МӘЛІМДЕМЕСІЗ-АҚ ЫҚПАЛ ЕТУ
Кездесу залындағы қысқа әңгіме барысында Тоқаев Оманның арағайындық рөліне айрықша тоқталды.
– Оман экономикалық даму саласында елеулі нәтижелерге қол жеткізген табысты мемлекет ретінде ғана емес, халықаралық арағайын ретінде де белсенді әрі сындарлы рөл атқарып келе жатқан ел ретінде жақсы танылған, – деді президент.
Бұл, бәлкім, елге берілген ең басты сипаттама шығар.
Оман Сауд Арабиясы немесе Біріккен Араб Әмірліктері сияқты үнемі назарда бола бермейді. Оның халықаралық бейнесі сән-салтанатты пен даңғаза амбицияларға алшақтау. Бірақ қарсы тараптардың арасындағы диалогты қайта бастау қажет болғанда, Оман астанасының аты жиі аталады.
Маскат Вашингтон мен Тегеран арасындағы құпия байланыстарды ұйымдастыруға көмектесіп, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздер мен 2015 жылғы келісімге жол ашты. 2025 жылғы мамырда Оман АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерді тағы қабылдады.

Фото: Ulysmedia.kz
Оманға «араб Швейцариясы» деп салыстырмалы баға беру оның осы ерекшелігін ішінара сипаттайды. Алайда әдемі атаудың ар жағында бір-біріне күдікпен қарайтын мемлекеттердің сенімін сақтап қалуға бағытталған күрделі жұмыс жатыр.
Арағайын екі тараптың да уәжін түсінуі, құпияны сақтай білуі және әр кездесуді өзінің ықпалын жария көрсетудің құралына айналдырмауы керек. Мұндай дипломатиядағы бедел жылдар бойы қалыптасады.
Бірнеше ірі күш орталығының мүддесін ескеруге мәжбүр Қазақстан үшін бұл тәжірибенің практикалық маңызы бар. Державалар арасындағы қайшылықтар қаншалықты ушыға түссе, өз диалог мүмкіндіктерімізді сақтап қалудың маңызы да соншалық арта береді.

Фото: Ulysmedia.kz
ОРМУЗ ЖӘНЕ ХУСИТТЕР: ДИПЛОМАТИЯ ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕСІНЕ АЙНАЛАТЫН ТҰС
Оманның неліктен шиеленісті бәсеңдетуге осыншалықты жүйелі түрде күш салатынын оның географиялық орналасуынан да түсінуге болады.
Ормуз бұғазы Оман мен Иранның арасында орналасқан. Ол Парсы шығанағын Оман шығанағымен, одан әрі Араб теңізімен жалғайды. Әлемдік мұнай саудасындағы аса маңызды ағын осы тар өткел арқылы өтеді. Бұл бағыттағы іркіліс мұнай жеткізілімдерін кешіктіріп, тасымал құнын қымбаттатуы және өңірден әлдеқайда алыстағы елдердегі энергия тасымалдаушылардың бағасына әсер етуі мүмкін.
Маскат үшін теңіздегі кеме қатынасының қауіпсіздігі ұлттық мүддемен тікелей байланысты. Сондықтан Тегеранмен жұмыс қатынастарын сақтап, Батыс елдерімен байланысты үзбеуге мүдделі.
Дегенмен Ормуздағы логистиканы Оман жалғыз өзі бақылап отыр деу артық болар еді. Бұғаздың қауіпсіздігі бірнеше мемлекеттің іс-әрекетіне байланысты. Маскаттың маңызы – оның географиялық орналасуында, байланыстарында және келісімге келу жолдарын іздеуге қатыса алуында.
Осыған ұқсас жағдай Йемен мәселесінен де көрінеді. 2025 жылғы мамырда Оман өзінің арағайындығымен АҚШ пен Санадағы хусит билігі арасында атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеді. Бұл Маскат хуситтердің әрекетін өзі басқара алады дегенді білдірмейді. Алайда әскери қысымның өзі мәселені толық шеше алмайтын жағдайда Оманның нәтиже шығаруға мүмкіндік беретін байланыс арналары бар екенін көрсетеді.
Қазақстан дипломатия мен сауда қауіпсіздігінің байланысын жақсы түсінеді. Біздің экономикамыз да ел аумағынан тыс жерлер арқылы өтетін бағыттарға тәуелді. Кен орнының өзінен алыстағы саяси дағдарыс сол жерде өндірілген мұнайдан түсетін табысқа әсер етуі мүмкін. Сондықтан арағайындық тәжірибесі бар әрі әлемдегі маңызды теңіз өткелдерінің бірінің маңында орналасқан мемлекетпен қарым-қатынас ұзақ мерзімді назар аударуға лайық.
БАТЫСТАҒЫ ОДАҚТАСТАР, ӨҢІРДЕГІ ӘРІПТЕСТЕР
Оманның дербес саясаты кең серіктестік желісіне сүйенеді.
Ұлыбритания – сұлтандықтың көп жылдан бергі стратегиялық серіктесі. Әскери ынтымақтастық аясында, соның ішінде Typhoon жойғыштары мен Hawk ұшақтарын қоса алғанда, әскери техника жеткізіледі. 2019 жылы екі ел бірлескен қорғаныс ынтымақтастығы туралы келісімге қол қойды. Олардың өзара іс-қимылында Дукм порты маңызды орын алады.
Франциямен де қарым-қатынас дамып келеді. 2026 жылы Оман сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидтің Парижге маусым айындағы сапарының қорытындысы бойынша қабылданған бірлескен декларацияда француз техникасының Оман қарулы күштерінде қолданылуы, бірлескен оқу-жаттығулар және теңіздегі сауда жолдарын қорғау саласындағы ынтымақтастық атап өтілді.
Бұл байланыстар Иранмен жүргізілетін диалогпен қатар жалғасып келеді. Мұндай үйлесім тұрақты дипломатиялық жұмысты қажет етеді. Серіктестер Маскаттың бір тараппен қарым-қатынасы оның екінші тарапқа қарсы сол елдің барлық әрекетіне автоматты түрде қосылғанын білдірмейтінін түсінуі керек.
Меніңше, Қазақстан да бұдан маңызды сабақ ала алады: дербес сыртқы саясат жүргізу әр серіктеске өз мүддеңді түсіндіріп, оны дәйекті түрде қорғай білуді талап етеді.
ОМАНҒА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТӘЖІРИБЕСІ НЕ ҮШІН ҚЫЗЫҚ
Сапардың дипломатиялық қырынан бөлек, экономикалық міндеті де бар. Оман инвестиция мен табыстың жаңа көздеріне мүдделі. Шикізат ресурстары белгілі бір мүмкіндік береді. Алайда ұзақ мерзімді даму үшін өндіріс, технология және бизнес сенім артатын институттар қажет.
Капитал үшін бәсекеде сұлтандық өз артықшылықтарын одан әрі күшейтуі керек. Таяу Шығыста әмбебап «көшбасшылар үштігі» бар деп айту тым қарапайым болар еді: қаржы, өнеркәсіп, технология және логистика салаларында елдердің мүмкіндіктері әртүрлі.
Оман үшін инвестицияға тартымды жағдай ұсына алатын салаларда тұрақты орын алу маңыздырақ. Сол бағыттағы қадамдардың бірі – өзінің халықаралық қаржы орталығын құру. 2026 жылғы маусымда оның директорлар кеңесі тағайындалды, ал орталықтың жұмысын жыл соңына қарай бастау жоспарланған.
Бұл жерде Қазақстанның тәжірибесі Оман үшін қызық. Сәуірде Сейид Тейязин бастаған Оман делегациясы «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысымен, оның капитал тарту және қаржылық қызметтерді дамытудағы рөлімен танысты.
Бұдан Маскат АХҚО-ны көшіріп алып жатыр деген қорытынды жасауға болмайды. Алайда мұндай қызығушылық елдер арасындағы қарым-қатынастың институционалдық тәжірибе алмасуды да қамтуы мүмкін екенін көрсетеді. Қазақстан халықаралық бизнеске қолайлы орта қалыптастыру бойынша серіктесіне практикалық тәжірибе ұсына алады. Бұл еліміздің тек шикізат жеткізуші ретінде қабылдануынан арылуға мүмкіндік беретін маңызды өзгеріс.
ҚЫМБАТ ВАЛЮТА ЖӘНЕ БОЛАШАҚ ЭКОНОМИКАСЫ
Оман риалы шынымен де доллардан қымбат: белгіленген бағам бойынша бір риал шамамен 2,60 долларға тең. Бұл байланыс 1986 жылдан бері сақталып келеді. Алайда мұндай ерекшелік өңірде жалғыз Оманға тән емес – Бахрейн динарының да номиналдық құны АҚШ валютасынан жоғары.
Ақша бірліктерінің арақатынасы экономиканың күшін өздігінен көрсетпейді. Инвестор үшін ережелер мен валюта саясатының болжамдылығы маңызды болса, азаматтар үшін табыстың сатып алу қабілеті мен өмір сапасы маңызды. Сондықтан Оманның болашағын ел ресурстарын қай бағытқа жұмсауды жоспарлап отырғаны арқылы талқылаған қызығырақ.
Oman Vision 2040 бағдарламасы аясында сұлтандық жасыл сутегі бағытын дамытып жатыр. Бұл саланы дамыту және оған қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру үшін құрылған Hydrom компаниясы осы жұмысты үйлестіреді. Табиғи жағдайы – күн мен жел ресурстарының молдығы және қолжетімді аумақтардың болуы – Оманға мұндай өндірісті дамыту үшін елеулі мүмкіндік береді.
Еуропаның қызығушылығы нақты жобалардан да көрініп отыр. 2025 жылғы сәуірде Оман, Нидерланд және Германия арасында сұйытылған сутегіні жеткізу дәлізін дамыту жөніндегі келісім туралы жарияланды. Әзірге бұл енді қалыптасып келе жатқан сала. Алда оның өзіндік құны, қаржыландыру және тұрақты сұраныс мәселелерін шешу міндеті тұр. Бірақ саяси-экономикалық таңдау түсінікті: бүгінгі мүмкіндіктерді пайдаланып, экспорттық табыстың қосымша көздерін қалыптастыру.
Шикізатқа тәуелділікті азайту міндетін Қазақстан да шешіп жатыр. Сондықтан бұл – мазмұнды әңгімеге арқау болатын тақырып.
ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ТАРИХЫ ҚАЗАҚ МҰНАЙЫМЕН БАЙЛАНЫСТЫ
Қазақстан мен Оманның көп айтыла бермейтін, бірақ елеулі экономикалық ортақ тарихы бар.
1992 жылғы 17 шілдеде екі ел Каспий құбыр консорциумын құру туралы келісімге қол қойды. Оман Қазақстан мұнайына Қара теңіз жағалауы мен әлемдік нарықтарға жол ашқан жобаның бастауында тұрды. Сондықтан бүгінгі сапар – Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында басталған қарым-қатынастың жалғасы.
Ендігі мәселе – осы тарихты қандай жаңа экономикалық байланыстар жүйелі жалғастыра алатынында. Сапар бағдарламасында жоғары деңгейдегі келіссөздер өткізу, құжаттарға қол қою және екі ел басшыларының қазақ-оман бизнес форумына қатысуы қарастырылған.
Тоқаев міндетті нақты қойды:
– Елдеріміз арасындағы серіктестіктің елеулі әлеуеті бар екеніне сенімдімін. Ендігі міндет – осы әлеуетті толық ашып, оны тиімді жүзеге асыру.
Нәтижені бағалау үшін келісімдердің мазмұнына, бизнеске жасалатын жағдайға және қабылданған міндеттемелердің кейін қалай орындалатынына қарау маңызды.
САЯСИ МӘН – ӨЗ МҮМКІНДІКТЕРІМІЗДІ КЕҢЕЙТУ
Мен бұл сапарға халықаралық сұранысын сенім мен дәйектіліктің арқасында сақтап келе жатқан мемлекетпен байланысты нығайту мүмкіндігі ретінде қараймын.
Қазақстан үшін мұндай қарым-қатынастардың дамуы серіктестерді, инвестиция көздерін және дипломатиялық байланыстарды таңдаудағы мүмкіндікті кеңейтеді. Қайшылықтар күшейіп келе жатқан әлемде мұның өзіндік құны бар.
Бірақ азаматтардың көкейінде мына сұрақтың көлбеңдеуі заңды: бұл құндылық олардың өміріне қалай әсер етеді?
Қазақстан өнімдері үшін қандай жаңа нарықтар ашылады? Бірлескен кәсіпорындар құрыла ма? Жаңа жұмыс орындары пайда бола ма? Мамандарымыз жаңа білім мен мүмкіндіктерге қол жеткізе ме? Бұл сауалдар сыртқы саясатты оның практикалық нәтижесі арқылы бағалауға мүмкіндік береді.
Әуежайдағы кездесу ауа райының суықтығына қарамастан, маған жылы әсер қалдырды. Оман сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид мен елестеткендей қатал адам емес екен. Алайда сапардың мәні, әрине, жеке әсерден әлдеқайда ауқымды.
Ендігі басты мәселе – Қазақстан өзара ықылас пен саяси сенімді елдің ұзақ мерзімді мүддесіне қалай айналдыра алатынында.