×
516.16
584.86
6.25
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
516.16
584.86
6.25

Госдума депутаты: Қазақстанның бүкіл аумағы - Ресейдің сыйлығы

Госдума депутаты: Қазақстанның бүкіл аумағы - Ресейдің сыйлығы
Ulysmedia.kz коллажы

Ресей мемлекеттік думасының депутаты Евгений Федоров Қазақстанға қатысты кезекті даулы мәлімдемесін жасап, еліміздің бүкіл аумағын "Ресейдің сыйлығы" деп атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ

Федоров бұл пікірін RTVI телеарнасына берген сұхбатында айтты. Ол Қазақстанға кіруге тыйым салынған ресейліктер тізімінде екенін растап, республика туралы жағымды пікірде екенін білдірді. Ол кезінде Байқоңырда әскери қызметте болғанын, сол өңірді жақсы көретінін де еске алды.

Дегенмен, оның айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік алған кезде "Ресейден жер түріндегі сыйлық алғанын" мойындауы тиіс.

– Егер мәселені құқықтық тұрғыда қарастыратын болсақ, мен мұны бірнеше рет айттым – Қазақстан 1991 жылы құрылған кезде өзінің бүкіл аумағын Ресейден сыйлық ретінде алды. Себебі КСРО құрамынан одақтас республиканың шығуына байланысты мәселелерді реттейтін №1409-I заңына сәйкес, бір республикадан екіншісіне аумақ өтуі тиіс болған жағдайда келіссөздер жүргізілуі керек еді. Бұл жағдайда ондай келіссөздер болған жоқ. Елдің өзі тамаша, бірақ сыйлық фактісі де бар. Мен тек соны айттым. Қазақстанда біреулер бұған ренжіген сияқты. Бірақ сыйлық үшін ренжудің қажеті не? Бұл – шындық, – деді ол RTVI арнасына берген сұхбатында.

ФЕДОРОВ БҰРЫН НЕ ДЕГЕН ЕДІ

Бұл Федоровтың Қазақстан аумағына байланысты алғашқы мәлімдемесі емес. 2020 жылдың соңында ол мемдумадағы әріптесі Вячеслав Никоновты қолдап, Қазақстанның қазіргі аумағын "үлкен сыйлық" деп атаған еді. Ол кезде Никонов бұл пікірін "Первый канал" эфирінде айтқан болатын. Федоров пен өзге депутаттар "КСРО-дан заңсыз шығу", "территорияны қайтару" және 1991 жылғы шешімдерді қайта қарау мәселесін жиі қозғайды.

КОНТЕКСТ

Бұған дейін Deutsche Welle Қазақстанда елге кіруге тыйым салынған тұлғалардың "қара тізімі" бар екенін хабарлаған. Ол тізімде Ресей мемдумасының депутаттары Петр Толстой, Евгений Федоров, Константин Затулин, Вячеслав Никонов, Тина Канделаки, тележүргізуші Тигран Кеосаян, философ Александр Дугин, Россотрудничество басшысы Евгений Примаков және саясаттанушы Никита Мендкович бар.

Серіктес жаңалықтары