Астанада әскери парад өтіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әскери парадты Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев басқарады.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің ту ұстаушылар тобы Мемлекеттік туды және Жеңіс туын алаңға алып келді. Жеңістің Қызыл туы – осыдан 80 жыл бұрын әйгілі отандасымыз Рақымжан Қошқарбаев пен оның майдандасы Григорий Булатов Рейхстагқа тіккен тудың көшірмесі.
Сұрапыл соғыс жылдары қазақстандық сарбаздар майданның алдыңғы шебінде, ең қанқұйлы шайқастарда ерліктің ерен үлгісін көрсетті.
1945 жылы 30 сәуірде қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаев Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тікті. Осынау даңқты ерлігі үшін Қошқарбаев сол кезде «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Ал 1999 жылы 7 мамырда Рақымжан Қошқарбаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.
ТОҚАЕВ НЕ ДЕДІ
Президент – Қазақстан қарулы күштері жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадтағы сөзі басталды.
- Биыл Ұлы Жеңіске – 80 жыл! Баршаңызға Ұлы Жеңіс күні құтты болсын! Бұл мейрам – халқымыздың жауынгерлік рухының символы. Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз. Отан қорғау жолында опат болған боздақтарға тағзым етеміз. Бейбіт күнді қырағы күзетіп тұрған сарбаздарға құрмет көрсетеміз. Ұлы Отан соғысы бүкіл адамзат үшін өте қиын сынақ болды. Оның зардабы көптеген елге ауыр тиді, солардың ішінде Қазақстан да бар. Қаһарлы күндер соғыстың тек қасірет әкелетінін көрсетті. Бейбітшіліктің баға жетпес байлық екенін ұғындырды. Ұлы Жеңіс – тарихымыздың ажырамас бөлігі және күллі әлем үшін үлкен сабақ. Біз осы ақиқатты әрдайым есте сақтауымыз керек. Зұлмат кезеңді бастан өткерген майдангерлер қазір ортамызда отыр. Құрметті ардагерлер, барша халықтың атынан Сіздерге шын жүректен алғыс айтамын! Аға буынның өшпес ерлігі – ұрпаққа ұлағат. Отаншылдығы мен жанқиярлығы – үлгі-өнеге. Біз Ұлы Отан соғысының ардагерлерін ешқашан ұмытпаймыз! Баршаңызға бас иеміз!, деді Тоқаев.
Әскери шеру сағат 10.45-тен бастап елордада және барлық облыс орталығында LED-экрандар мен республикалық телеарналардан, сондай-ақ Facebook, YouTube, Telegram әлеуметтік желілеріндегі Ақорданың ресми парақшаларынан тікелей эфирде көрсетіле бастады.