Қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, "Құрмет" және "Парасат" ордендерінің иегері Темірхан Медетбек өмірден өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қаралы хабарды журналист Қасым Аманжол естіртті.
– Темірхан аға Медетбек – нағыз ақын, нағыз азамат еді. Шын өмір сүрді. Сексеннің сеңгірінде, сый-құрметі бұзылмай, бүгежектемей, айтарын айтып өтті. Сабырлы һәм жылы жүректі, рухты, қайратты кісі еді. Топырағы торқадан бұйырсын! Ұрпағы мен жақындарына, қаламдастарына, оқырманына көңіл айтамын. Қазаның арты қайырлы болсын!, – деп жазды ол Facebook-те.
Медетбек Темірхан көптеген кітаптың авторы. Оның "Жанымның жапырақтары", "Сапар алдында", "Алыс шақырымдар", "Мәртебе", "Әуедегі толқындар", "Дауыс", "Көгершін қауырсындары", "Аңқа кептірген аңызақ", "Сырым бар саған айтатын", "Тағдырлы жылдар жырлары", "Көк түріктер сарыны" жыр жинақтары мен "Менің Абайым", "Баба дәстүрдің мұрагері кім?", "Сегіз қырлы сексен сырлы әлем бұл" атты кітаптары жарық көрген.
Өлеңдері қырғыз, өзбек, украин, орыс, қытай, татар, тілдеріне аударылған.
Өзі де Пушкин, Лермонтов, Якоб Колас, Янка Купала, Леся Украинка, Радован Загович, Бодлер, Верхарн, Пабло Неруда, Незвал, Еркін Вахидов сияқты ақындардың өлеңдерін, сондай-ақ Генрих Белдің "Иесіз үй" романы мен Владимир Набоковтың бірнеше шығармаларын аударған.