Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Каспий теңізіне қатысты журналистер сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Министр Каспий теңізіне келетін судың ағысы, әсіресе Еділ өзенінен келетін көлемі жөнінде түсініктеме берді.
- Каспий теңізіне келсек – иә, ондағы судың 90 пайызы Ресей аумағынан келетін ағыс. Оның 85 пайызы – Еділ өзенінен. Айта кету керек, 2013 жылдан бастап Каспий маңындағы 5 мемлекет бірлескен жұмыс комиссиясын құрды. Соңғы кездесу Бакуде өткен СОР29 аясында өтті, сол жерде бірлескен декларация қабылданды. Сондықтан Каспий теңізіне қатысты барлық мәселелер сол комиссия аясында талқыланады, – деді ол.
Министр Каспий мәселесі екіжақты қаралып жатқанын айтты.
- Иә, су деңгейінің төмендеп бара жатқаны бізді де алаңдатып отыр. Сондықтан бұл мәселелер екіжақты тәртіпте қаралып жатыр – әрі Ресеймен, әрі Әзербайжанмен. Бұл қалыпты келіссөз процесі, мен бұл келіссөздерді 2015 жылдан бері жүргізіп келемін. Ең бастысы – Ресейге су үшін ешқандай ақша төлемейміз, – деп қосты министр.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін "Save the Caspian Sea" жаһандық экологиялық қозғалысы Nature журналында жарияланған Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі және оның қоршаған орта, инфрақұрылым мен аймақ экономикасына әсері туралы ғылыми зерттеуге байланысты алаңдаушылық білдірген еді. Ғалымдардың болжамы бойынша, Каспийдің 37%-ы толық жойылып кетуі мүмкін.