Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Мәскеудегі әріптестерімен тікелей келіссөздер жүргізіліп жатқанына қарамастан, ресейліктер қазақстандық тауық етінен тағы да қауіпті бактерия табылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ресейдің Россельхознадзор мекемесі Қазақстаннан жеткізілген тауық етінен қауіпті бактерия анықталғанын тағы да мәлімдеді. Ал министр Айдарбек Сапаров бұл ақпаратты жоққа шығарып, ресейлік тараптың тағы да қателескенін айтты.
– Біз арнайы комиссия құрып, сынамалар алдық және зерттедік. Нәтиже теріс — яғни ешқандай бактерия анықталған жоқ. Біз Россельхознадзорға ресми хат жолдадық, енді олар өз тарапынан жұмыс жүргізеді. Соңғы нәтижелерді кейін қосымша хабарлаймыз.
Келіссөздер апта сайын өтеді – Ветеринариялық бақылау комитетінің фитосанитариялық бақылау комитетінің басшылары, вице-министр және мен өзім де қатысамын, – деді министр.
БҰҒАН ДЕЙІН
Ақпан айында да дәл осындай жағдай болған еді: Ресей тарапы Қазақстанның тауық етінен бактерия анықтадық деп мәлімдеген. Алайда қайта жасалған сараптама нәтижелері бактерия табылмағанын көрсеткен. Ол кезде Сапаров Ресеймен «қалыпты қарым-қатынас орнағанын» айтқан болатын.
Ал 31 қаңтарда Қазақстаннан Ресейге жеткізілген тауықтардан қауіпті бактерия анықталғаны туралы ақпарат тараған еді. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл жайтқа қатысты пікір білдірді.