Үкімет басшысы Әлихан Смайылов қорда бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу үлесін қысқарту мәселесін пысықтау керектігін мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Қаржы министрлігі аталған тәсілмен мемлекеттік сатып алудың негізділігі бойынша тиісінше бақылауды қамтамасыз етсін. «Самұрық-Қазына» қоры Қаржы министрлігімен, Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп, Қор мен оның еншілес компанияларының сатып алуды жүзеге асыру процесін бір құжат деңгейінде қайта қарасын», - деді премьер-министр.
Сонымен қатар үкімет басшысы бәсекелес ортаға берілетін активтерді іріктеу тәсілдері анықталмағанын еске салды.
«Ұлттық экономика министрлігіне Бәсекелестікті қорғау агенттігімен, Қаржы, Әділет министрліктерімен және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, 2022 жылғы 1 ақпанға дейін бәсекелес ортаға берілуге тиіс активтерді іріктеу тәсілдерін әзірлеп, тиісті қаулы жобасын Үкіметке енгізуді тапсырамын», - деді ол.
Осылайша, премьер-министр ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, стратегиялық жоспарлау агенттігімен, «Самұрық-Қазына» қорымен және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірге қор компаниялары қызметінің тиімділігіне талдау жүргізіп, оны реформалау бойынша нақты ұсыныстар дайындауды тапсырды.