Алматы облысында домбыра үйірмесінің ұстазы 14 жастағы қызбен жақындасты деген күдікке ілінді. Ал Алматы облысының әкімдігі екеуі де облыс тұрғыны емес екенін алға тартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒА ТУРАЛЫ
Информбюро31 мәліметінше, Алматы облысында кәмелетке толмаған жасөспіріммен жыныстық қатынасқа түсті деген күдікпен домбыра үйірмесінің 33 жастағы жетекшісі қамауға алынды. Оқиға «У Розы» атты қонақүйде болған.
ТҮНДЕ КЕЗДЕСКЕН
Оқиға түнгі сағат 2-ден асқан уақытта тіркелген. Бейнебақылау жазбасында шашы екіге қайырылған ер адамның қонақүйге кіріп, бөлме бағасын сұрағаны көрінеді. Кейін ол сыртқа шығып, 22 секундтан кейін жас қызбен бірге қайта оралады. Екеуі қолма-қол ақшамен есеп айырысып, бөлмеге кіреді. Бірнеше минуттан кейін полицейлер жетіп келіп, ер адамды қонақүй бөлмесінде ұстаған.
ҚОНАҚҮЙ ИЕСІ НЕ ДЕЙДІ
Қонақүй иесінің айтуынша, бұл әрекет алдын ала жоспарланған болуы мүмкін. Оның сөзінше, дәл осы қыз бұған дейін де басқа бір азаматқа қатысты осындай жағдай ұйымдастырған. Яғни, бұл күдіктіні «тұзаққа түсіру» үшін жасалған болуы мүмкін деген пікір айтылып отыр.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ
Алматы облыстық Полиция департаменті бұл жайт бойынша тергеу амалдары басталғанын растаған.
- Полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады және аудандық бөлімшеге жеткізді. Қазір оқиғаның мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, дейді ПД ресми өкілдері.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 122-бабының 1-бөлігіне сәйкес (он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу) іс қозғалды. Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
КҮДІКТІ КІМ
Күдікті – домбыра үйірмесінің жетекшісі. Қонақүйдегі тіркеу кезінде көрсетілген оның байланыс нөмірі қазір сөндірулі.
ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ
Бұл жайтқа қатысты Алматы облысы әкімдігінің ресми өкілі Жанна Арынбекова пікір білдірді.
- Іле ауданы Өтеген батыр кентіндегі "У Розы" қонақүйінде болған жағдай бойынша оқиғаға қатысқан 14 жастағы оқушы да, мұғалім де Алматы облысының тұрғындары емес, дейді ол.