Путин мен Зеленскийсіз Ыстамбұлдағы Ресей мен Украина келіссөздері белгіленген күні өтпей қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
15 мамырда Түркияда жоспарланған Ресей мен Украина арасындағы келіссөздер өтпеді. Ресей делегациясы таңертең Ыстамбұлға келсе, Украина президенті Владимир Зеленский мен оның делегациясы Анкараға барды. Кешке Зеленский өкілдерін келіссөздерге жіберді. Ал украиналық БАҚ хабарлауынша, өзі Албанияға ұшып кеткен. Ресей президенті Владимир Путин Түркияға мүлде бармады.
Ресей делегациясы украиналық тарапты күн бойы күтті де, Ыстамбұлдағы Долмабахче сарайында Түркия СІМ басшысы Хакан Фиданмен кездесу үшін кетті.
Түрік Anadolu агенттігінің мәліметінше, Түркия СІМ-дегі дереккөздер 16 мамырда Ыстамбулда Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский басқаратын делегация, Украина қорғаныс министрі Рустем Умеров басқаратын делегация, АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио басқаратын делегация және Түркия СІМ министрі Хакан Фидан басшылығымен делегациялардың кездесуі жоспарланып отыр. Алайда РИА "Новости"-ге Түркия СІМ ресми өкілі Онджю Кечели жұма күні Ыстамбұлда украин дағдарысын шешуге арналған төртжақты кездесудің өту мүмкіндігі туралы соңғы шешім әлі қабылданбағанын айтқан.
ПУТИННІҢ ҰСЫНЫСЫ
11 мамыр түнде Ресей президенті Владимир Путин Украинамен ешқандай алдын ала шартсыз тікелей келіссөз бастау ұсынысын білдірді. Путин кездесуді 15 мамырда Стамбулда өткізуге шақырды. Украина президенті Владимир Зеленский бұл ұсынысты жақсы белгі деп қабылдап, кездесуге дайын екенін жеткізді.
Бірнеше күн бойы ресейлік тарап Путиннің келіссөздерге қатысатыны-қатыспайтыны жайлы ақпаратты жасырып келді. Ақыры, Путин Түркияға көмекшісін жіберген.