Шерзат Полаттың ісі бойынша сот процесі бүгін түстен кейін де жалғасты. Бүгін тағы бір сотталушы Равиль Сәкиевтен жауап алынып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
СӘКИЕВ НЕ ДЕЙДІ
2024 жылы 3 қазаннан 4 қазанға қараған түні “Қамажай” дүкенінің алдына кафеде отырған жерінен барған. Кафеде ол Ілияс Нұрқияс, Абзал Шынасыл және екі әйелмен бірге болған. Кейін ол жерге Азамат Тоқтаубаев, Нұрбол Тоқтаубаев, Думан Ысқақ пен Шыңғыс Белғожаев келген.
Талғар ішімен келіп, “Қамажай” алдына келдік. Маған ешкім ерегесіп жатқандары туралы айтқан жоқ. Барсам Дархан көзі қанап тұр. алты-жеті бала тұр. Марқұм Нұрқанатты 2017 жылдан бері танимын. Аман-сәлеміміз дұрыс еді. Амандастым. Ол мені видеода көрінгендей қолымнан тартты. Мені көліктің алдына қарай алып барды. “Інім Шерзат сендердің балаларыңды ұрып қойыпты, түсінбеушілік болып жатыр” деді. Дарханды көрсетті. Мен “оны танымаймын” деді. Нұрқанат “онда түсініспеушілік болды” деді. Содан кейін төбелес басталып кетті, – дейді Сәкиев.
Сәкиевтің Шыңғыстың есікті теуіп жібергенін көргенін айтты. Сол жерде тұрғанда Эльмира Нұрбекова оны тартып әкеткен. “Мен оған біз Дарханды танымаймыз, балаларды ажыратайық” деп тұрғанда мылтық атылған.
Оқ біреуге тиіп кетті ме деп сол жаққа жүгірдім. Біздің балалардың мылтығы емес екенін білетін едім. Көлікте ешкімде мылтық болмап еді. Жерде жатқан бөтелкені алдым. Ғайыпбаев мылтықты көздеп тұр екен. Оған “қой, тоқта, таста” дедім. Екінші рет атты. Көліктің артына тығылдым. Оқтап жатқан кезде мылтыққа жармастым. Нұрқанатпен алысып жүріп құлап қалдым, – дейді ол.
Сәкиев төбелес болып жатқан кезде жерде бір бала жерде жатқанын көрген. Нұрқиястың мылтықтың дүмімен Нұрқанатты соғып жатқанын көргенін айтады.
Әйелдің дауысы (Шерзаттың анасы) қатты шығып кетті. Содан кейін мен басымды жауып, бірінші болып кетіп қалдым, – дейді ол.
“777” дүкенінің алдында Сәкиев көліктен түспегенін айтты.
Абзал сол жерде “бір баланы пышақтап жібердім” деді. Абзал содан кейін Қонаевқа барғанда “Нұрқанатты пышақтағанын” айтты. Биатлон жаққа бардық. Анам звандады. Полиция звандап жатыр деді. Құрман деген тағы бір танысым қоңырау шалып, “біл баланың қайтыс болғанын” айтты. Азаматқа РОВД-ға барайық дедім. Сонымен төмен түсіп келе жатқанда өзіміз тоқтадық. Сол жерде бізді полиция басқармасына алып кетті, – дейді ол.
Равиль Сәкиев Қаржаубай Нұрымовтың пышақ алып шыққанын көрмегенін жеткізді. Сәкиев этаппен әкетіп бара жатқан басқа сотталушылармен сөйлескен кезде “Абзал менде пышақ болды, мен пышақтап жіберген шығармын, мойныма алам” деген сөзін айтты.
Сот басталған кезде мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін оқыған кезде Шерзаттың ағасы Нұрқанатты пышақтағандардың бірі Сәкиев екенін айтқан болатын. Бүгінгі сотта Сәкиев бұл айыппен келіспейтінін айтты. Пышақ өзінде мүлде болмағанын жеткізді.
СОТТАЛУШЫЛАР
Сотталушыларға тағылған айып:
Абзал Шынасыл – ҚК 99-бабы (Адам өлтіру), 24-бабы (Қылмысқа дайындалу және оқталу), 293-бабы (Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау)
Равиль Сәкиев – ҚК 99-бабы (Адам өлтіру), 24-бабы (Қылмысқа дайындалу және оқталу)
Азамат Тоқтаубаев – ҚК 293-бабы (Бұзақылық), 188-бабы (Ұрлық)
Дидар Қалиахмет, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов – ҚК 293-бабының 3-бөлігі (Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау)
Думан Ысқақ (кәмелет жасына толмаған) – ҚК 434-бабы (Қылмыс туралы хабарламау)
Сот күдіктілерді кінәлі деп таныса, олар 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.
ТАЛҒАРДАҒЫ ОҚИҒА
16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылы 4 қазанда Талғар қаласындағы отбасы жалға алып отырған дүкен маңында өлтірілген. Сатып алушылардың бірімен болған жанжалдың аяғы төбелеске ұласып, Шерзат пышақ жарақатынан мерт болған. Немере ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев жараланған. Кейін Нұрқанат Ғайыпбаевтың да өзі де өз-өзіне қол салып, қайтыс болды.
Марқұмның туыстары оқиғаға «Хутор» бандасының қатысы бар екенін айтты. Бірақ полиция бұндай топтың барын жоққа шығарды. Топтың басшысы делінген Хасан Қасымбаев өзі жайлы тараған ақпаратты жоққа шығарып, жұрттан өзі туралы жалған ақпарат таратпауды сұрады. Қарашада Қасымбаев 2021 жылғы оқиғаға байланысты «денсаулыққа қасақана зиян келтіру» және «адам ұрлау» баптары бойынша күдікке ілініп, қамауға алынды.