Жалғыз қызынан айырылған талдықорғандық кейуана Майра Байымбетова бір жарым жылдан бері әділдік іздеп жүр. Ол қызы Сәния Байымбетовадан 2024 жылы 2 ақпанда айырылып қалған. Сәния Талдықорғандағы облыстық перинаталдық орталық перзентханасында қайтыс болған. "Қызымның қазасына байланысты сот медициналық сараптама жасалмады, дәрігерлерден жауап та алынбады" дейді ол.
“МАМА, КҮЙІП ЖАТЫРМЫН”
37 жастағы Сәния Байымбетова төртінші баласына аяғы ауыр болғанда Жетісу облыстық перинаталдық орталық перзентханасына жатқызылған. Майра Байымбетова “қызым үш немеремді де өзі босанған. Бірақ осы жолы неге екенін білеймін, дәрігерлер кесерево арқылы босандырды” дейді.
– Қызымды бірінші сохранениеге деп соған [перинаталдық орталыққа] жатқызды. Екі-үш күн жатты. Одан кейін аяқ астынан бірі күні толғағы, ешнәрсесі келмесе де, бұлар кесарь тілігін жасаған. Мен таңғы бесте барғанымда қызым «мама, күйіп жатырмын, күйіп жатырмын» деді. Содан қарасам, жанында ешқандай дәрігер жоқ. Одан мен жүгіріп, дәрігерлерді шақырдым. Үшінші рет барғанымда келіп, «жарайды онда» деді де алып кетті. Содан қызым жоқ болды ғой, – дейді ол.
“ОТА ДҰРЫС ЖАСАМАҒАН”
Майра Байымбетова дәрігерлер ота дұрыс жасамаған дейді. Қызы қайтыс болғанда сот медициналық сараптама да жасалмаған. Содан бері бір жарым жыл өтсе де сараптама сол күйі тағайындалмаған.
– Ешқандай нәтиже жоқ. Сараптама бер деп адвокаттар арқылы жылап-еңіреп [өтініш] жаздық. Бірақ оны қайтарып жіберді. Сараптама жасай алмаймыз, сараптама жасайтын акушер, гинеколог мамандар жоқ бізде деп жазып, қайтарып жіберді, – дейді Майра Байымбетова.
САРАПТАМА
Адвокат Санрай Смағұлова іске биыл наурызда кіріскен. Сол уақытта сараптама тағайындауды сұрап, арыз-шағым түсірген. Осыдан кейін сараптаманы Талдықорған қаласында өткізу туралы шешім шығарылған. Бірақ адвокат марқұмның Талдықорғанда қайтыс болғанын алға тартып, мүдделер қайшылығы барын айтып, сараптаманы Алматыда өткізуді талап еткен. Бірақ одан да ешқандай нәтиже шықпаған.
– Сараптама тағайындамақ түгілі сол жерде болған адамдардың жеке басын анықтамаған. Сол жерде болған гинеколог, акушер, бас дәрігердің тізімі тұр. Бірақ ешқайсысынан жауап алынбаған. Негізінде қорғануға құқығы бар куәгер ретінде жауап алынуы керек еді екі жақтан мән-жайды білу үшін. Жәбірленуші деп танылған анасынан алған. Бірақ екінші жақтан алмаған. Тергеу бойынша біз қазір бас прокуратураға, президент әкімшілігіне шағым жазып жатырмыз. Бірақ қазір ең үлкен мәселе болып тұрғаны сараптама тағайындау, – дейді адвокат.
Сараптама тағайындау туралы өтінішке Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жауап берген. Онда сараптама жасайтын мамандар жоқ екендігі айтылған.
– Қазіргі уақытта Басқармаға қарасты медициналық ұйымдарда сұратылған бейіндегі жоғары санатты мамандардың жүктемесінің жоғары болуына және штаттық кестеде қажетті мамандардың болмауына байланысты сараптама жұмыстарына мамандарды бөлу мүмкін емес. Осыған байланысты, жоғарыда көрсетілген себептерге орай, сұратылған, терапевт, уролог, гематолог, акушер-гинеколог, анестезиолог, гепатолог мамандарын ұсыну мүмкін еместігін мәлімдейміз, – делінген басқарма жауабында.
ҚЫЗМЕТТІК ТЕКСЕРІС
Сәния Байымбетова қайтыс болғаннан кейін денсаулық сақтау министрлігінің Жетісу облысы бойынша медицина және фармацевтикалық бақылау департаменті қызметтік тексеру жүргізген. Онда медициналық көмек көрсету кезінде заң бұзушылықтар бар екені айтылған.
– Алғашқы медициналық-санитарлық көмек кезінде Байымбетова С. С қазасының алдын алу мүмкін болған. Анықталған преэклампсия профилактикасындағы дефектілер, аяғы ауыр кезінде препарат қабылдау, уақытылы ауруханаға жатқызылмау екіқабат кезеңіне әсер еткен, – делінген қызметтік тексеру қорытындысында.
Санрай Смағұлованың сөзінше, тергеушілер істі әрі қарай жүргізу үшін сараптама қорытындысы керек деген. Қазір сол уақытта перинаталдық орталықта жұмыс істеген дәрігерлердің кейбірі жұмыстан шығып, енді бірі қызметін ауыстырған.
– Ол адамдар жұмыстан шығып кетіпті. Біреуі Текелідегі ауруханаға ауысып кетіпті. Біз оны білдік. Сол [перинаталдық орталықты] басқарған бас дәрігер. Сол кісі Текеліге ауысып кетіпті, – дейді Санрай Смағұлова.
“КЕШІРІМ СҰРАМАДЫ”
Майра Байымбетова қызым қайтыс болғаннан кейін дәрігерлер кешірім де сұрамады дейді. Сәния үйінің үлкені болған. Қазір ол төрт жиен немересін бір өзі қарап отыр. Балалардың үлкені 13-те. Ең кішісі 1 жас 3 айдан асқан.