10 жастағы қазақстандық бала Түркия әуежайында екі тәулік қалып қойған. Сот Air Astana компаниясын жауапқа тартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Былтыр 21 желтоқсанда 10 жастағы қазақстандық бала футболшылар құрамында Алматы–Анталья бағытындағы КС 915 рейсімен Түркияға оқу-жаттығу жиынына аттанған. Бала үшін сүйемелдеу қызметі ресми түрде рәсімделген. Тіркеу, тексеру және ұшаққа отыру кезінде барлық құжаттары арнайы сөмкеде болған.
Алайда Түркияға ұшып келгенде шетелдік төлқұжаттың жоғалғаны анықталады. Бала бұл туралы Air Astana қызметкеріне хабарлағанымен, төлқұжат табылмаған. Соның салдарынан ол шекаралық бақылаудан өте алмай, депортация бөлмесіне орналастырылған.
СОТ ШЕШІМІ
Сот жоғалған төлқұжат салдарынан Түркиядан Қазақстанға депортацияланған баланың анасы пайдасына Air Astana компаниясынан моральдық және материалдық өтемақы өндіріп беруге шешім қабылдады. Бұл туралы баланың қорғаушысы Дәнілхан Шағатаев Telegram-арнасында хабарлады.
AIR ASTANA УӘЖІ
Сотта әуекомпания әр жолаушы өз құжаттарына өзі жауап береді деген уәж айтты.
– Біз бұл пікірмен келіспедік, өйткені жас балаларға мұндай жауапкершілік жүктелмейді. Сонымен қатар, балаларды Air Astana қызметкерлеріне тапсырған сәтте барлық құжаттары болғаны дәлелденді. Сотта куәгерлер – әуеборт серіктері мен Түркиядағы жергілікті қызметкерлер де сұралды. Нәтижесінде, сот әуекомпания кәмелетке толмаған баланың құжаттарының болуын тиісті деңгейде тексермеген деп шешті. Осы салғырттықтың салдарынан бала Түркияда шекаралық бақылаудан өте алмай қалды, – делінген адвокат мәлімдемесінде.
ӨТЕМАҚЫ КӨЛЕМІ
Дәнілхан Шағатаевтың айтуынша, сот жаңа авиабилеттерді сатып алу мен төлқұжат рәсімдеуге кеткен шығынды, сондай-ақ 2 млн теңге көлемінде моральдық өтемақыны өндіріп беруді шешкен.
Алайда бұл шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.