Былтыр Талғарда төбелес кезінде кісі қолынан қаза болған 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты процесс жалғасып жатыр. Сот істі зерделеуге көшті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«БҰЛАР ШАНТРАПАЛАР ҒОЙ»
22 мамырдағы сот отырысында тергеу кезінде жәбірленуші Нұрқанат Ғайыпбаев пен сотталушы Шыңғыс Белғожаев арасындағы беттестіру видеосы көрсетілді. Онда Ғайыпбаев Белғожаевты бұрыннан білетінін айтады.
– Бұлардың барлығы «шантрапалар» ғой. Өйткені автостанцияда гоп-стоп жасап, балалардың телефондарын тартап алатындарын көрдім мен. Медколледждің балаларын тонап жатқан жерінен қаншама баланы алып шықтым, – деді Нұрқанат Ғайыпбаев видеода.
«ШЕРЗАТТЫ ҰРДЫМ»
Шыңғыс Белғожаев Ғайыпбаевты бұрын соңды көрмегенмін, танымаймын дейді. Беттестіру кезінде Шерзат Полатты ұрғанын мойындайды. Сөзінше, мылтықты Нұрқанат Ғайыпбаев атқан Ол бұлай деп сотта да айтқан.
– Мен негізі мылтық атқан сақалды адамды ұрамын деп ойлағанмын. Бірақ кейіннен видеодан көргенде Шерзатты ұрғанымды білдім, – деді ол.
Беттестіру видеосында Нұрқанат Ғайыпбаев «егер мылтықты мен атсам, онда сенің шекеңнен атар едім» деп, өзінің мылтық атқанын жоққа шығарды.
ТАЛҒАР ОҚИҒАСЫ
Іс бойынша 9 адам күдікті деп танылған. Оларға «Адам өлтіу», «Қылмысқа дайындалу және оқталу», «Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау», «Бұзақылық» және «Ұрлық» бабы бойынша айып тағылған. Сот күдіктілерді кінәлі деп таныса, олар 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.
Күдікті ретінде Абзал Шынасыл, Равиль Сәкиев, Азамат Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов Думан Ысқақ (кәмелет жасына толмаған) ұсталған.
Марқұмның туыстары оқиғаға «Хутор» бандасының қатысы бар екенін айтқан. Бірақ полиция бұндай топтың барын жоққа шығарды. Топтың басшысы делінген Хасан Қасымбаев өзі жайлы тараған ақпаратты жоққа шығарып, жұрттан өзі туралы жалған ақпарат таратпауды сұрады. Қарашада Қасымбаев 2021 жылғы оқиғаға байланысты «денсаулыққа қасақана зиян келтіру» және «адам ұрлау» баптары бойынша күдікке ілініп, қамауға алынды.