Шығыстанушы, ағартушы Санжар Керімбай қазір ауру балалардың көбеюінің психологиялық себебіне үңілді. Ойын әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“НАДАН ӘЙЕЛ САП-САУ БАЛАНЫ АУРУ ҚЫЛАДЫ”
Санжар Керімбай елді ауру бала басып кеткенін, санасында сырқаты бар сәбилер балабақша мен мектеп атаулыны басып қалғанын, сабақ өту мүмкін емес екенін атап өтелі. Сөзінше, сау деп әкелген баласының өзі сөзді не дұрыс ұқпайды, не айтқаныңды дұрыс қайталай алмайды деп зар илеген мұғалімдер көбейген. Ағартушы кей сырқаттың біз білмейтін қандай да бір биологиялық себебі бар да шығар деп тұспалдап, өзі білетін психологиялық себебіне үңіледі.
Ол – сәбимен сөйлеспеу. Оның құлағына әлди әуенін құймау, бесік жырын түпсанасына сіңірмеу. Өнер алды қызыл тілге бөпені туа сала баулымау. Қуырмаш пен санамақты шақалақ кезінен үйретпеу. Тақпақ жаттауға бөпе кезінен бейімдемеу. Қысқасы “миы жоқ мақау бөпе не түсінуші еді” деген қараңғы түсінікпен бала туып асырау қылмысқа жатады. Надан әйел сап-сау баланы қолдан ауру қып өсіреді. Әлди естімеген, бесік жырын тыңдамаған, тұп-тұнық ана дауысын миына сіңірмеген бөпе мешеу боп қалыптасады. Сосын оның ауыр азабын мұғалімдер тартады. Бұдан да өткен қараңғы, надан, сауатсыз, еріншек аналар бөпеге смартфон қосып береді. Бұл енді баланың бақытты боп өсуіне шанс жоқ деген сөз. Енді ғана қалыптасып, су жаңа мидың ішінде түзіліп жатқан нейрондар жүйесі ойран ботқа болады деген әңгіме, – дейді ол.
Санжар Керімбайдың сөзінше, баланы сап-сау қып өсіріп, оған бақытты тағдыр сыйлаудың бір ғана жолы бар. Онымен туа сала үлкен адамша сөйлесу. Басқа жолы жоқ.
Мына видеодағы келіншекті танымаймын, атын да білмеймін, өмірімде көрмегем. Бірақ оның бөпесімен мына отырысы бүкіл әлем әйелдеріне алтын үлгі! Қоғамға дені сау, ақыл есі бүтін, пайым-парасаты түзу, ар-ұяты мығым адал адам сыйлағысы келсе мына ақылды келіншек құсап шақалағымен дәл осылай сөйлессін. Құлағына әлди, жыр, күй, санамақ, қуырмаш, тақпақ, ертегіні құя берсін, құя берсін, құя берсін! “Баланы күштии қып өсірудің сырын білем” деп лаға беретін өңшең өтірікші психологтарды ақша төлеп тыңдағанша мына жас ана не істеп отыр, соны айна қатесіз қайталап кете беру керек қой есі дұрыс әйел. Бұдан басқа адамды салауатты қып өсіретін бір әдіс бар деп кім айтса да оның сөзіне өлсем де сенбеппін де. Ауру бала асырап баққың келмей ме, онда осы әдіске тісіңмен жабыс. Ортасын тістеп, екі жағын ұстап қатып қал. Өскесін сол балаңның рақатын өлгенше көрмесең маған кел, – дейді ол.
САНЖАР КЕРІМБАЙ ДЕГЕН КІМ
Санжар Керімбай жазушы, публицист, шығыстанушы. Ол экзистенциализм, логотерапия және ұлттық руханият тақырыптарына арналған еңбектерімен танымал. «Отбасы хрестоматиясы» жобасының авторларының бірі, бұл жоба ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған.
Санжар Керімбай өз еңбектері мен сұхбаттары арқылы қазіргі қазақ қоғамындағы рухани мәселелерді көтеріп, оқырмандарын терең ойлауға және өзін-өзі тануға шақырады.