Желіге тараған видеоларда Шымкенттегі зообаққа барған жігіт қоршаудан аттап өтіп, түйеқұсты ұрып жібергені көрсетілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Зообақ әкімшілігінің хабарлауынша, оқиға 25 мамыр күні кешке болған. Қауіпсіздік ережелері мен «Қоршаудан өтуге қатаң тыйым салынады» деген нақты ескертуге қарамастан, бір жігіт тәртіп бұзған: қоршауды бұзып өтіп, түйеқұсты теуіп, жабайы жануарды шошытқан.
Бұл – нағыз жабайылық. Жануарлар ойыншық емес. Олар тірі, сезімтал, қорқады, күйзеледі, ауырсынады. Егер сізде жануарларға жанашырлық болмаса – оларға жақындамаңыз. Қиындық тудырмаңыз, зиян келтірмеңіз», – деді зообақ өкілдері.
Оқиға басқа бір келуші түсірген видеода көрініс тапқан. Егер сіз осы адамның кім екенін білсеңіз, бізге хабарлауыңызды сұраймыз. Қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгінеміз», – делінген зообақ хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда қоғамдық тәртіпті бұзушыларға қарсы жазаны қатаңдату қажеттігі туралы ұсыныстар айтылып келген.