×
512.16
580.94
6.39
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
512.16
580.94
6.39

Ақтаудағы МАЭК-ті тәжірибесі жоқ компания жөндеп жатыр – Бектенов шенеуніктерге шүйлікті

Ақтаудағы МАЭК-ті тәжірибесі жоқ компания жөндеп жатыр – Бектенов шенеуніктерге шүйлікті
Фото: Lada.kz

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов алдағы жылыту маусымына дайындық бойынша кеткен олқылықтар үшін министрліктер мен жергілікті әкімдіктердің жұмысын өткір сынға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Үкімет отырысында Бектенов биыл ел үкіметі Астана, Көкшетау, Риддер және Қызылорда қалаларындағы жылу көздерін жаңғыртуға резервтен 25 млрд теңге бөлгенін атап өтті. Алайда, кейбір өңірлерде жұмыстардың кешіктіріліп жатқаны байқалады.

Премьер-министрдің айтуынша, Семейде қазандықтарда жөндеу жұмыстары әлі басталмаған. Маңғыстау облысында МАЭК-тің №2 жылу электр орталығындағы турбинаны мұндай жұмыс тәжірибесі жоқ құрылыс компаниясы жөндеп жатыр. Қостанай облысында 10 сәуірден бері Рудный ЖЭО-да турбина жөндеуі қолға алынбаған. Осындай жағдай Арқалық ЖЭО-дағы қазандықпен де қайталануда. Ұлытау облысында Сәтбаев қаласындағы қазандықтарды жөндеу жұмыстары өте баяу жүріп жатыр.

– Мұндай салғырттықтар барлық дерлік өңірлерде кездесіп отыр. Бұл – бақылаудың әлсіздігін көрсетеді. Әкімдіктер бұл іске бейжай қарамауы тиіс. Министрліктерге немесе қаражат жетіспеушілігіне, конкурстарға сілтей беруге болмайды. Жылыту маусымына дайындық – әкімдіктердің алдағы үш айдағы басты міндеті, – деді Олжас Бектенов.

БЕКТЕНОВ НЕ ТАПСЫРДЫ

Премьер-министр облыс әкімдіктеріне екі апта ішінде барлық конкурстық рәсімдерді аяқтап, жөндеу жұмыстарына нақты кірісуді тапсырды.
Сондай-ақ, энергетика және индустрия министрліктері мен өңір әкімдіктеріне 10 маусымға дейін жылыту маусымына дайындық жоспарларын жаңартуды міндеттеді.

– Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық нысандары 15 қыркүйекке дейін, ал қалған өңірлерде 15 қазанға дейін толық дайын болуы керек, – деді үкімет басшысы.

Серіктес жаңалықтары