×
510.81
578.59
6.51
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
510.81
578.59
6.51

"Тергеуші демалыста": адвокаты Ақнәр ісі бір орыннан қозғалмай тұрғанын мәлімдеді

"Тергеуші демалыста": адвокаты Ақнәр ісі бір орыннан қозғалмай тұрғанын мәлімдеді
Ulysmedia.kz коллажы

Қоғамда үлкен резонанс тудырған Ақнәр Гүлстанның қазасына байланысты қылмыстық іс қозғалғанына он ай өтсе де, тергеу барысы бойынша нақты нәтиже жоқ. Бұл туралы жәбірленуші тараптың мүддесін қорғайтын заңгер Инга Иманбай мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТЕРГЕУШІ ДЕМАЛЫСТА

Заңгер Инга Иманбай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында істің қалай өрбігенін жазды. 

– Құқықтық тұрғыдан мен бұл істі қорғауға алдым. Екі апта бұрын Ақнәрдің анасы – Гүлстан Қамиттың атынан сенімхат жіберіп, тергеушіден қылмыстық іс материалдарымен таныстыруды сұрадым. Мақсатым – дәлелдерді зерттеп, қажет болса қосымша өтініштер жолдау және тергеу барысына белсенді қатысу, – деп жазды.

Алайда арада екі апта өтсе де, тергеушіден еш жауап болмаған. Иманбайдың айтуынша, ол бүгін қайта хабарласқанда, тергеушінің еңбек демалысында екені және онымен тек екі аптадан кейін кездесе алатыны айтылған.

– Яғни, ресми сұраныс жолданған күннен бастап іс материалдарымен танысуға мүмкіндік бір айдан кейін ғана тумақ. Бұл – тергеуді формалды түрде жүргізіп отыр деген белгі, – дейді заңгер.

ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛҒАН ЖАЙТТАР

Инга Иманбай бұл жағдайды тергеудің әдейі созылып, қоғамның әділетке деген талабын елемеу деп бағалайды. Осыған байланысты ол Астана билігіне келесі талаптарды қойды:

  • Ақнәр Гүлстан ісін тікелей бақылауға алу;
  • Істі арнайы тергеу тобына тапсыру;
  • Тергеу барысына тәуелсіз баға беру.

– Әділеттілік – кейінге қалдыра салатын нәрсе емес. Әсіресе, адам өмірі қиылған жағдайда, – дейді Инга Иманбай.

АНАСЫНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Еске салайық, күні кеше Ақнәр Гүлстанның анасы Гүлстан Қамит Instagram желісінде полиция тарапынан қысым көріп жатқанын айтып, мәлімдеме жасаған болатын. 

АҚНӘРДІҢ ЖҰМБАҚ ӨЛІМІ

22 жастағы Ақнәр Гүлстан 2024 жылы 20 шілдеде Алматыдағы көпқабатты үйлердің бірінің жетінші қабатынан құлап, қаза болған. Бастапқыда полиция істі «Өзін-өзі өлтіру» бабы бойынша қозғаған. Бірақ марқұмның анасы мен туыстары оған қарсы шыққан. Олардың сөзінше, Ақнәрдің денесінде азаптау белгілері болған. Шашы жұлынып, тырнағы сынып, денесінде тістелген іздер табылған. Марқұмның анасы Гүлстан Қамит Ақнәрдің қазасына оқиға болған күні оның жанында болған құрбыларының қатысы бар деп топшылайды.

Серіктес жаңалықтары