Сот шешімімен бес жылға бостандығы шектелген Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің апелляциялық соты өтті. Істі Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы қарады.
АПЕЛЛЯЦИЯЛЫҚ СОТ
27 мамырда өткен сот отырысы онлайн өтті. Адвокат Жанар Балғабаева сотты офлайн режимде өткізуге өтінішхат түсірді.
Онлайн режимде пандемия кезінде өтті. Қазір оған ешқандай негіз жоқ. Менің қорғауымдағы Темірлан Еңсебек сотқа офлайн қатысқысы келеді, – деді адвокат.
Прокурор істі онлайн өткізуге заңдық тұрғыда шектеу жоғын айтып, «істі офлайн өткізуге ешқандай негіз жоқ» деді. Сот алқасы адвокаттың өтінішхатын қанағаттандырудан бас тартты.
Прокурор Темірлан Еңсебекке кесілген сот үкімін өзгеріссіз қалдыруды, бес жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салуды сұрады. Ол Еңсебектің кінәсі толықтай дәлелденді деді.
Алматы қаласы Наурызбай аудандық сотының үкіміне қосымша ретінде Темірлан Еңсебек Маратұлына қылмыстық кодекстің 50-бабының 3-тармағына сәйкес, бес жылға қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салуды сұраймын. Үкімнің өзге бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын, – деді прокурор.
Жанар Балғабаева бірінші сатыдағы сот үкімімен келіспейтінін айтты.
Жауап алу кезінде сарапшы Абдулжанова «Йоу, орыстар» әнінің мәтіні зерттелгенін айтты. Сотта біз менің қорғауымдағы адам бұл әннің авторы емес екенін, тіпті әнді орындаушы да емес екенін айттық. Бұл ән You Tube арналарда оншақты рет пайдаланылған. Бұдан өзге ол басқа да әлеуметтік желілерде кездеседі. Бұндай жағдайда қалай ғана менің қорғауымдағы азамат ғана жауапқа тартылды? Абдулжанова бізге әнде орыс ұлтына тіл тигізетін сөздер бер екенін айтты. Бірақ нақты қай сөз екенін айта алмады, – деді Балғабаева.
«МЕНІ ҚУДАЛАУДЫҢ САЯСИ АСТАРЫ БАР»
Темірлан Еңсебек өзіне тағылған айыппен де, сот үкімімен де келіспейтінін айтты. Ол «мені қудалаудың саяси астары бар» деді.
Маған журналистік, құқық қорғаушылық, саяси-қоғамдық жұмыспен айналысуға, сұхбат беруге және алуға, пикет, митингтерге қатысуға тыйым салынды. Менің азаматтық құқықтарыма шектеу қойылды. Бұның барлығы істің саяси астары бар екенін көрсетеді... Маған дейін де оппозиция өкілдеріне дәл осындай шектеу қойылды. Мысалы, Жанболат Мамайға он үш шектеу қойылған. Оған дейін Әлнұр Ильяшевқа, Макс Боқаевқа да осы сияқты шектеулер қойылған, – деді Еңсебек сотта сөйлеген сөзінде.
Темірлан Еңсебек өзін ұстаған сәттен бастап, сот үкімі шыққанға дейін заңбұзушылықтар болғанын айтты. Ол «билік қоғамнан оқшаулау үшін осындай қадамға барып отыр» деді.
Олардың мақсаты Qaznews24 парақшасын жауап тастағысы келді. Ол жерде саяси сатира болды. Иә, мен арасында билікті сынадым, – деді ол.
ӨЗГЕРІССІЗ ҚАЛҒАН ҮКІМ
Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды. Қорғау тарапының талап-арызын қанағаттандырусыз қалдырды. Ал прокурордың өтінішхатын қуаттады. Сот алқасы Наурызбай аудандық сотының үкімі заңды. Іс жан-жақты қаралған. Адвокаттың шағымы негізсіз деді.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС
Темірлан Еңсебектің үстінен «араздықты қоздыру» бабы бойынша қозғалған іске Qaznews24 паблигінде жарияланған пост себеп болған. Онда автор «Йоу, орыстар» деген әнді пайдаланған. Дөрекі сөздер бар даулы ән әлеуметтік желіде әр жерде жарияланып жүргеніне бір жылдан асқан, бұрын Қазақстанда ол әнге тыйым салынбаған. Бұл ән ресейлік тележүргізуші Тина Канделакидің Қазақстанда «орыс тілі кемсіту көріп жатқаны» жайлы мәлімдемесіне реакция ретінде шыққан.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі Канделакиді сол мәлімдемесінен кейін нон-грата тұлғалары тізіміне қосқан. Биыл Қазақстан соты «Йоу, орыстар» әнін «ұлтаралық татулық пен халық бірлігіне жік салады» деп таныған. Еңсебек пост ұлты орыс адамдарға емес, Тина Канделакиге қатысты және Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылығына наразылық ретінде жазылғанын айтты.
СОТ ҮКІМІ
11 сәуірде Алматының Наурызбай аудандық соты Темірлан Еңсебекті кінәлі деп танып, бес жылға бостандығын шектеген. Сот оған қоғамдық жұмыспен, журналистикамен айналысуына, митингке қатысуына, сұхбат беруіне тыйым салды. Еңсебек өзіне тағылған айыппен келіспеді. Ол істің саяси астары бар екенін айтты.
«САТИРА ҚЫЛМЫС ЕМЕС»
Темірлан Еңсебек қамауға алынғаннан кейін бірнеше қалада оның жақтастары «Сатира қылмыс емес» акциясын өткізді. Жалғыз адамдық пикетке шыққан белсенділерді полиция ұстады. Сот «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деген айыппен журналистер Әсем Жәпішева мен Руслан Бикетовті 15 тәулікке қамады. Алматылық белсенділер Ақмарал Жәкібаева, Ақторғын Ақкенжебаласы, Гүлбақыт Өтебай мен қостанайлық Сергей Зинченкоға айыппұл салды. Белсенділер өздеріне тағылған айыппен келіспеді.
QAZNEWS24 ПАБЛИГІ
1 мамырда Qaznews24 паблигі Instagram парақшасында «Темірлан жобадан толық кетті» деген жазба жарияланды.
Темірлан өзі бірге болмаса да, жоба өз тірлігін ары қарай жалғастырып, өсіп-өркендей беруі үшін осындай қадамға барды, – делінген жазбада.
Qaznews24 паблигі 2021 жылы ашылған. Парақшаның 80 мың жазылушысы бар. Темірлен Еңсебек Қазақстанның бұрынғы президенті «Нұрсұлтан Назарбаевқа құдай дәрежесін берейік» деп әжуалағаны үшін жауапқа тартылған. 2022 жылы «қылмыс құрамы жоқ» деген себеппен іс жабылған.