Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқушы мұғалімді балағаттап, емтихан кезінде ереже бұзғаны үшін мектептен шығарылды. Адвокаттың сөзінше, егер мектеп бой қысымға бой алдырса – оған деген сенім жойылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
23 мамыр күні Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 11-сынып оқушысы оқудан шығарылды. Бұл шешім педагогикалық кеңесте қабылданған. Себебі жасөспірім емтихан барысында мектеп ережесін бұзып, мұғалімді балағаттаған. БАҚ-та жарияланған ақпаратқа сәйкес, оқушы мұғалімге «Ш» әрпінен басталатын былапыт сөз айтқан. Осы оқиғадан кейін тәртіптік шара қолданылып, ол мектептен шығарылған.
Алайда заң бұзушылық анық болғанына қарамастан, жасөспірімнің анасы ұлын мектепке қайта қабылдату үшін түрлі мемлекеттік органдарға жүгініп, шешімге шағымдана бастаған. Бұл жағдай қоғамда кең талқыланып, әлеуметтік желіде оқушыны қолдағандар да табылды. Дегенмен, бұл мәселеге қатысты өз көзқарасын білдірген танымал қазақстандық адвокат Таир Назханов бұл оқиға жеке оқушыдан бөлек, бүкіл білім беру жүйесінің беделіне қатысты екенін айтты.
«ҮЗДІК МЕКТЕПТЕРДЕ МҰНДАЙҒА КЕШІРІМ ЖОҚ»
– Ең үздік мектептерде әдепсіздікке ешкімге кешірім жасалмайды. Ереже бәріне ортақ. Сенім де осыдан қалыптасады, – деді ол.
Адвокат сондай-ақ, дәл осындай мінез-құлық танытқан оқушы элиталық мектепке қалай қабылданды деген сұрақ қойды. Оның пікірінше, мұндай жағдайда жеңілдік жасау – жүйені іштен ірітіп-шірітумен тең. Назхановтың айтуынша, ата-аналардың арызы мен «телефон шалу» арқылы қысым жасауға бой алдырған жағдайда, мектеп беделінен айырылып, қағаз жүзіндегі ғана мекемелердің біріне айналуы мүмкін.
– Егер мектеп қысымға бой алдырса, бәрі таныс-тамырмен шешілетін қарапайым орынға айналады. Көнбесе – болашаққа деген үміт сақталады, – деп түйіндеді ол.
АТА-АНА ЖАУАПКЕРШІЛІГІ
Сөз соңында адвокат ата-аналарға да ой салды: тәрбиелік мәнге назар аудармаса, ертең қоғамда әдепсіздік – норма, ал жауапкершілік – бос сөз деп қарайтын жаңа ересектер пайда болатынын ескертті.
Бұған дейін мәселеге қатысты Ұлысмедиа редакциясы бірқатар тәуелсіз сарапшылар пікірін жазған болатын.