Қаржылық мониторинг агенттігі "Қазақстаннан криптовалюта арқылы 15 млрд доллар шығарылған" деген ақпараттың рас-өтірігін тексеріп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЕЛЕМЕСОВ НЕ ДЕЙДІ
Мәжілісте бүгін қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобасы талқыланып жатыр. Талқылау барысында мәжіліс депутаты Марат Бәшімов қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтен осы заң жобасы қаражатты Қазақстанның криптовалюта арқылы шығарып жатқандарға қалай шектеу қойылып жатқанын сұрады. Ұлттық банк таяуда криптовалюта арқылы елден 7 трлн теңге шығарылды деп ақпарат таратқан еді
Шын мәнінде, 15 млрд доллар ақша криптовалюта арқылы шығып кетті деп айту әлі ерте. Аталған ақпарат блокчейн-аналитикалық компаниясынан алынғаннан кейін біз мұндай ақша қалай есептеліп шыққанын, оның әдістемесіне сұрау салып жатырмыз. Себебі бұл өте көп сұрақ туындатады. Сол себепті бұл сандар дәл сондай деп айту ертерек, – дейді Елемесов.
Оның айтуынша, Қазақстан аумағында қазір цифрлық активтерді айналымына тыйым салынған. Алайда мемлекет басшысының тапсырмасымен “сұр аймақтан” цифрлық активтерді шығару үшін тиісті заң жобасы әзірленіп жатыр. Елемесовтің сөзінше, қазір Қазақстанда айналып жатқан цифрлық активтердің бәрі де “сұр аймақта” жүріп жатыр. Қаржылық мониторинг агенттігінде бұл бағытта бірнеше қылмыстық іс қозғалған.
ҰЛТТЫҚ БАНК НЕ ДЕДІ
АҚШ валютасымен есептегенде 15 миллиард доллар немесе 7 триллион теңгеге жуық қаражат криптовалюта арқылы "көлеңкелі аймақта" ізім-ғайым жоғалғанын бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Берік Шолпанқұлов мәлім еткен еді. Оның айтуынша, Қазақстан криптовалюта транзакцияларын бақылауға арналған халықаралық жүйеге қосылуға ниетті. Бұл жүйе арқылы криптовалютаны көлеңкелі айналымда кім, қалай пайдаланғанын анықтауға мүмкіндік туады.
КРИПТОВАЛЮТА
Криптовалюта – бұл тек интернетте ғана өмір сүретін, ешбір мемлекет немесе банк тарапынан реттелмейтін цифрлық ақша түрі. Ол әрбір транзакция блокчейн технологиясы арқылы жазылып отыратын орталықтандырылмаған дерекқорда жұмыс істейді. Ең танымал криптовалюталарға Bitcoin мен Ethereum жатады.
Айта кетейік, бұған дейін биткоин бағасы алғаш рет 110 мың АҚШ долларынан асқаны хабарланған болатын.