«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов ақордада қорды тарату туралы сын мен мәлімдемелерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Жақыповтың айтуынша, қазір қорда жоғарғы аудиторлық палата тарапынан аудит жүргізіліп жатыр. Бұл тексеріс аяқталған соң, барлық тиісті ақпарат ұсынылатынын айтты.
– Иә, расында мұндай мәлімдемелер болды. Қазір жоғарғы аудиторлық палата тарапынан тексеру шаралары жүріп жатыр. Ол жақын арада аяқталады деп күтілуде. Сол кезде біз барлық тиісті мәліметті ұсынамыз. Ал "Самұрық-Қазынаны" тарату туралы ұсынысқа келсек, мен бұл пікірмен келіспеймін, мұны орынды емес деп санаймын. Себебі бұл қорға жүктелген нақты міндеттер бар. Қор өзіне тиесілі активтерді басқарып, олардың құнын арттыру және мемлекет пен үкіметке тиісті дивидендтер төлеу бойынша жұмыс істейді, – деді Жақыпов.
Ол, сонымен қатар, былтыр "Самұрық-Қазына" компаниялар тобы мемлекетке 2,2 триллион теңге көлемінде салық төлегенін, оның ішінде 1,4 триллион теңге тікелей төлемдер болғанын атап өтті.
АУДИТОР НЕ ДЕП ЕДІ
Аудиторлық палата мүшесі Нұрлан Нұржанов "Самұрық-Қазына" қорына қатысты аудит шілде айында аяқталатынын хабарлады. Сол кезде толық есеп жарияланады. Оның айтуынша, жоғарғы аудиторлық палата да қазіргі жағдайға алаңдаушылық білдіріп отыр.
ДЕПУТАТ НЕ ДЕДІ
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов "Самұрық-Қазына" қорын тарату керек деп мәлімдеген болатын. Жұбанов әуелі кәсіпкерлік салада еңбек етпесе де байып кеткен адамдар көп екенін айтады.