×
512.66
580.59
6.45
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
512.66
580.59
6.45

Алмасбек Садырбайды прокурорлар тағы бір іс бойынша тергеп жатыр

28.05.2025, 13:40
Алмасбек Садырбайды прокурорлар тағы бір іс бойынша тергеп жатыр
Ұлысмедиа коллажы

Бұл мәліметті мәжіліс кулуарында журналистерге қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

ЕЛЕМЕСОВ НЕ ДЕЙДІ

Негізі қай істі қай орган тергейтіні туралы шешімді прокуратура құзырлы орган ретінде қабылдайды. Оларда соған қатысты (Алмасбек Садырбайға – ред.) басқа қылмыстық істер болған.  Сол себепті біздің қылмыстық істі соларға қосты.  Үкіметтің органдары бір адамның үстінен жеке-жеке қылмыстық істі тергемейді ғой. Сол себептен олардың бір органда болсын деп, біздегі істі қысқартып, өздері тергеп жатыр. Бізде болған кезде Қылмыстық кодекстің 189-бап болатын. Ал прокуратура тарапынан қандай бап екенін білмеймін, - деді Жеңіс Елемесов.

АЛМАСБЕК САДЫРБАЙДЫҢ ІСІ

Алмасбек Садырбайдың ісі ҚМА-дан прокуратураға тапсырылғанын бұған дейін Елемесовтің өзі айтқан еді. 

Еске сала кетейік, былтыр 6 қарашада Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті облыстық прокуратурамен бірлесіп, "Шаңырақ" қоғамдық бірлестігінің басшысы А. Садырбайдың "аса ірі мөлшерде алаяқтық әрекетін әшкерелегенін" хабарлаған еді. Агенттіктің хабарлауынша, ол өзі басқаратын адамдар тобымен Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында “жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрды” деген күдікке ілінген. Ресми орган “1,2 млрд теңгеден астам қаражат ұрланғаны” жөнінде ақпарат таратқан. Алмасбек Садырбайдың өзі ұсталған. Оның сыбайласы тергеу сотының санкциясымен үй қамауында отыр.

“ПРЕЗИДЕНТТЕН АРАША СҰРАЙМЫН”

Қаржы мониторингі ұсталғанын хабарламас бұрын Алмасбек Садырбай әлеуметтік желі арқылы араша сұраған. 

– Маған қарсы заңсыз әрекеттер жүріп жатыр. Мақсат – мені қолға, қамаққа түсірмек. Құрметті, президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, құрметті ҰКҚ төрағасы Ермек Алдабергенұлы Сағымбаев, Антикор басшысы Асхат Жұмағали, сіздердің осы іске араласуларыңызды сұраймын. Өйткені, Алматы облысында әділетсіздік болып жатыр. Маған жала жауып, әріптес, серіктестерімді қамап, заңсыз әрекеттер жүріп жатыр. Құрметті, халқым, сіздердің маған қолдауларыңыз керек, – деген ол үндеуінде.

АЛМАСБЕК САДЫРБАЙ ЖАЙЛЫ

Агросалада Алмасбек Садырбай есімі белгілі адам. «Шопан-ата» агро-қозғалысының төрағасы, агросарапшы ретінде ол саладағы мәселелерді ашық айтып, ылғи қоғам назарында жүреді.

Ашық дереккөздерде оның Орталық Азия университетін "Экономика" мамандығы бойынша бітіргені жазылған. Алмасбек Садырбаев Алматы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Мемлекеттік сатып алу бөлімінің бастығы болып жұмыс істеген. Agroholding QAZYNA басқарма төрағасы, 2017 жылдан бастап Гэмпшир, Суффолк және ет мериносы тұқымдарының етті бағыттағы қойларының республикалық палатасының төрағасы болған. 2018 жылдан бастап "Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы қызметін атқарса, 2019 жылдан бастап Алмасбек Садырбаев Shopan-ata Қазақстан қой өсірушілер Ұлттық қауымдастығының төрағасы қызметін атқарып келеді.

Серіктес жаңалықтары