Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков еліміздің әр өңірінде шегіртке қаптағаны туралы азаматтардың шағымдарына қатысты Ulysmedia.kz тілшісінің сұрағына нақты жауап бере алмады.
МӘН-ЖАЙ
Журналист вице-министрден ауыл шаруашылығы министрлігі шегірткенің қаптауын жоққа шығара ма деген сұрақ қойды. Бұған дейін министр Айдарбек Сапаров Қазақстанда шегіртке қаптауы тіркелмеді деген мәлімдеме жасаған болатын.
ЖАУАП
– Шегіртке бойынша жыл сайынғы алдын алу шаралары жүргізіледі. Бұл мақсатқа қаржы бөлінеді, нақты іс-шаралар жоспарланады, арнайы ұйымдар тартылады. Қазір жұмыс белсенді жүріп жатыр. Биыл көктем ерте басталды, сондықтан барлық өңірде шаралар ерте қолға алынды, – деді Ербол Тасжүреков.
Ulysmedia тілшісі шегірткенің қаптауы туралы сұрақты тағы да нақтылай сұрады.
– Тағы да қайталаймын: жұмыс жүріп жатыр. Биыл шегіртке жайлаған аумақ көлемі аз. Барлық шаралар уақытында атқарылады, – деді вице-министр.
– Алайда халық шағымданып жатыр ғой?
– Аудан, қала әкімдіктері өз деңгейінде әрекет етіп жатыр. Олар тиісті және дер кезінде жұмыс жүргізіп жатыр, – деп қысқа қайырды шенеунік.
ШЕГІРТКЕНІҢ ҚАПТАУЫ
Айта кетейік, Қызылорда облысында шегірткенің жаппай қаптауы байқалуда. Әсіресе Арал ауданына қарасты Қарақұм және Абай ауылдарында зиянкестер өте көп.
Бұл мәселеге қатысты шаруалар Ұлысмедиа тілшісіне билікке наразылығын жеткізген болатын.