Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Украинадағы соғысқа қатысып жүрген отандастарымыз туралы мәліметтерді жинаумен айналыспайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Сыртқы істер бірінші вице-министрі Ақан Рахметуллиннің айтуынша, министрліктің Украинада жалдамалы жауынгер ретінде соғысып жүрген қазақстандықтар туралы нақты ақпараты жоқ. Оның айтуынша, бұл мәселеге байланысты Киевпен ресми байланыс орнатылмаған.
– Бізде ешқандай ақпарат жоқ. Иә, (Қазақстан азаматтарының есімдерін – ред.) нақтылап сұрамадық. Егер бізге қандай да бір мәлімет берілсе, әрине, тиісті жұмыстар жүргіземіз. Олар қайда ұсталып жатыр, нақты қайда екенін біз қайдан білеміз? Украинаға барып, “Аты-жөндерін беріңдерші” деп сұрай алмаймыз ғой. Бізге туыстары тарапынан ешкім жүгінген жоқ, Украина да мұндай азаматтар бар екенін хабарлаған жоқ. Қазір бұл тек БАҚ пен әлеуметтік желілерде тараған ақпарат деңгейінде ғана. Ресми арналар бойынша ешқандай байланыс жоқ, – деді вице-министр.
Бұған дейін әлеуметтік желілер мен кейбір басылымдарда Қазақстан азаматтарының Украинадағы әскери қақтығысқа түрлі тараптан қатысып жатқаны туралы бейресми ақпараттар тараған болатын. Алайда бұл деректер әлі күнге дейін ресми растауын таппады.
БҰҒАН ДЕЙІН
Айта кетейік, Рахметулин бұған дейін де Украинада жүрген қазақстандықтар туралы нақты ақпарат түспегенін айтқан болатын. Ал сәуірде Украинадағы соғыста қазақстандықтардың бар-жоғы тексеріліп жатқанын хабарлаған едік.
ТІЗІМ
Украиналық “Хочу жить” ақпараттық жобасы 661 Қазақстан азаматының Ресей қарулы күштері қатарында Украина аумағындағы соғысқа қатысқан болуы мүмкін деген тізімді жариялады. 2024 жылдың соңына қарай олардың кемінде 78-і қаза тапқаны хабарланған.