Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстанда ұялы телефондарға IMEI-код тіркеу не үшін енгізілгенін және жаңа телефондардың импорттайтындардан төлем не үшін алынатынын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
IMEI-КОД НЕ ҮШІН ЕНГІЗІЛДІ
Қазақстанда мобильді құрылғыларды IMEI-код арқылы верификациялау жүйесі іске асып жатыр. Министрлік мәліметінше, оның негізгі үш мақсаты бар:
• көлеңкелі нарықты заңдастыру,
• мемлекетке түсетін салық және кедендік төлемдерді арттыру,
• барлық нарық қатысушыларына тең мүмкіндік жасау.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы көлеңкелі импорттан ел бюджетіне150 млрд теңгеден аса шығын келіпті.
ҚАНША ҚҰРЫЛҒЫ ТІРКЕЛДІ
2025 жылдың 25 наурызынан 24 мамырына дейін верификацияланған құрылғылар саны 12 миллионнан асқан, бұл жыл сайын сатылатын жаңа құрылғылар санынан үш есе көп.
IMEI-кодтарды тіркеу:
• ұрланған және жалған құрылғылармен күресте,
• бір құрылғының IMEI-ін бірнеше рет қолдану сияқты алаяқтыққа тосқауыл қоюда тиімді құралға айналып отыр.
- Сонымен қатар, бұл жүйе халықты ұрланған немесе жалған телефон сатып алудан қорғайды және жеке деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, делінген министрліктің Ұлысмедиа тілшісіне берген жауабында.
ЖАҢА ЕРЕЖЕ
Жаңа ереже бойынша:
• қарапайым азаматтар үшін құрылғыны верификациялау тегін,
• әр адам жылына немесе айына (елге байланысты) 2 құрылғыны жеке қолдану үшін кедендік рәсімсіз алып келуге құқылы.
3932 ТЕҢГЕ ТАРИФ ТУРАЛЫ
Бұл тарифті шетелден ұялы телефон импорттайтын заңды тұлғалар төлейді. Ашық дереккөздерге сүйенсек, заңды тұлғалар үшін ұсынылған коммерциялық тариф бойынша төлем мөлшері 1 АЕК, яғни шамамен 3932 теңге.
- Бұл тариф коммерциялық құрылымдар арасындағы келіссөздер нәтижесінде қалыптасатын нарықтық қатынастардың бір бөлігі. Бұл – нарық қатысушылары мен қызмет көрсетуші компания арасындағы келісімге негізделген, дейді министрлік өкілдері.
“НАРАЗЫЛЫҚ ЖОҚ”
Министрлік мәліметінше, қазіргі уақытқа дейін нарық қатысушылары тарапынан бұл тарифті мәжбүрлі түрде төлеу немесе төлемге қатысты қандай да бір шағым тіркелмеген.
ӨЗГЕ ЕЛДЕРДЕГІ ЖАҒДАЙ
IMEI-КОД ҮШІН ТӨЛЕМ АЛЫНСА, ТЕЛЕФОНДАР ҚЫМБАТТАМАЙ МА
Министрліктегілер IMEI-кодтарды міндетті тіркеу жүйесін енгізу ұялы телефондардың бағасына әсер етпейді деп сендірді.
ТӨЛЕМ НЕГЕ ЖЕКЕ КОМПАНИЯНЫҢ ҚАЛТАСЫНА ТҮСЕДІ
Министрлік мұның себебі былай деп түсіндірді:
- Жаңа мемлекеттік құрылым құрып, оның жұмысын қаржыландыруға бюджет қаражатын жұмсап, күрделі IT-жүйені баяу енгізудің орнына біз тиімді жолды таңдадық – бұл функцияны нарыққа, яғни бизнеске бердік. Өйткені олар мұндай жобаларды мемлекеттік бюджет шығындарынсыз жылдам іске қосуға қабілетті, технологиялармен, білікті мамандармен және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, делінген жауапта.
“МОНОПОЛИЯ ЕМЕС”
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мұнда монополия туралы сөз жоқ деп сендірді. Олардың сөзінше, коммерциялық компанияларды іріктеу процесі ашық және жария түрде өткен. Қазірдің өзінде бірнеше қатысушы бұл қызметті көрсетуге ниет білдірген.
АЛ МЕМЛЕКЕТ НЕ ІСТЕЙДІ
Мемлекет бұл процесті толық бақылайды: талаптарды бекітеді, қол жеткізуді реттейді, нормативтерді қабылдайды және азаматтардың құқықтық қорғалуын қамтамасыз етеді. Деректердің қорғалуы, тұтынушылардың құқықтары мен қауіпсіздігіне қатысты барлық нәрсе мемлекеттің бақылауында.
НЕЛІКТЕН 3932 ТЕҢГЕ БЕЛГІЛЕНГЕН
Министрлік мәліметінше, Қазақстандағы тариф ТМД мен өңірдегі басқа елдермен салыстырғанда 3–5 есе төмен. Бұл тариф нақты шығындарды өтейді: халықаралық IMEI базаларына қол жеткізуден бастап алаяқтықтан қорғану және техникалық қолдау шығындарына дейін.
3932 ТЕҢГЕНІ ТӨЛЕУДІҢ ПАЙДАСЫ БАР МА
Қарапайым тұрғындар үшін верификация тегін. Жеке пайдалану үшін жылына немесе (елге байланысты) айына екі құрылғыға дейін алып келуге және тіркеуге рұқсат етіледі.
Кәсіпкерлер (шетелден ұялы телефон импорттайтындар) 1 АЕК немесе 3932 теңге төлеу арқылы тең жағдай қалыптастырып, көлеңкелі схемалардың азаюына себеп болатын көрінеді.
Сонымен қатар, министрлік осы арқылы бюджетке салық пен кедендік түсімдер көбірек түседі деп отыр.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, күні кеше қоғам белсендісі Павел Александров Қазақстанда мобильді телефондарды импорттаушылар енді әрбір жаңа телефон үшін 1 айлық есептік көрсеткішке тең (2025 жылы – 3932 теңге) төлем жасауға міндеттелуі мүмкін екенін хабарлаған болатын.