×
510.81
578.59
6.51
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
510.81
578.59
6.51

Тышқан, нәжіс: Астанадағы "комфорт-кластағы" тұрғын үй кешені адам тұруға жарамсыз болып шықты

31.05.2025, 17:31
Тышқан, нәжіс: Астанадағы "комфорт-кластағы" тұрғын үй кешені адам тұруға жарамсыз болып шықты
Ulysmedia

Астанадағы "Адам Арманы" тұрғын үй кешенінен пәтер алып, бар жиған-тергенін осы баспанаға салған тұрғындар опық жеп қалды. Кешен тұрғындарының айтуынша, онда өмір сүру мүмкін емес, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“БАЛАЛАРЫМЫЗ ҮШІН ҚОРҚАМЫЗ”

Тұрғындардың сөзінше, бастапқыда “Адам Арманы” өзін комфорт-класс санатындағы кешен ретінде таныстырған. Алайда тұрғындар “эконом-классқа да жетпейміз” деп өздері әзілдейді.

Кешен аумағына кіреберіс пен оның біраз бөлігі құрылыс қалдықтарына толып тұр. Уәде етілген балалар алаңы мен демалыс орнының орнында қаңырап бос жатыр. Аула қоршалмаған және бірнеше метр биіктікте орналасқан – тұрғындар балалар құлап кете ме деп, қауіптенеді.

– Неге міндетті түрде бірдеңе болып, бір бала құлап кетуі керек? Бізді сол кезде ғана ести ме? Балалар алаңы жоқ. Балалар үнемі жолдың үстінде ойнайды. Балалар каникулға шықты, біз балаларды ешқайда жібере алмай отырмыз, – дейді тұрғын Арманай Досымова.

“ҚҰЖАТТЫ ЕНДІ ҒАНА АЛДЫҚ”

Арманайдың отбасы пәтерді 2022 жылы сатып алған, бірақ құжаттарға күні кеше, 2025 жылғы 29 мамырда сот арқылы қол жеткізген.

– Үш жыл бойы лифт қашан орнатылады деп күттік. Қазір де бәрі істемейді. Балалар алаңы да, автотұрақ та, су жүйесі де жоқ. Қоқыс шығару, жарық, сумен қамту бойынша келісімшарт жасай алмай отырмыз, – дейді Арманай.

Көптеген тұрғын құжаттарын енді ғана алған. Бірақ ең өкініштісі – кейбір пәтерлер жарнамада көрсетілгендей емес.

– Менің балконым 30 см-ге қысқа. Паркинг аяқталмаған – еден төселмеген. Аула қараусыз. Кеше “горводоканалға” бардым, қабылдамады. Себебі үй балансқа алынбаған. Төлемдерді де толық төлей алмаймыз. Апаттық генератор жоқ. Ертең есеп сұраса, біз де сотқа жүгінеміз, – дейді Жаслан Салмағамбетов.

“ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ЖЕТЕ АЛМАДЫ”

Кешендегі бір кіреберісте лифт мүлдем жұмыс істемейді. Тұрғындар жоғары қабаттарға жаяу көтерілуге мәжбүр. Бірде 8-қабатта тұратын әйелдің жағдайы күрт нашарлап, жедел жәрдем оны төмен түсіре алмаған.

– Жедел жәрдем келді. Әйелді зембілмен түсіру керек болды, бірақ мүмкін болмады. Оның жағдайы нашар болды, жүре алмайды, – дейді тұрғындар.

“ТЫШҚАНДАР МЕН НӘЖІС”

Кейбір кіреберістерге апаратын баспалдақтар мүлдем жоқ. Тұрғындар үйден шыға берісте жерге секіріп түсуге мәжбүр. Балалар мен қарт адамдар үшін бұл өте қауіпті.

Кей пәтерлерде желдеткіш пен құбыр жүйесі екі бөлек жақта орналасқан. Аралық қабырғалар өте жұқа – адамдардың әңгімесі де естіліп тұрады. Аулада кәріз шұңқырлары ашық атыр.

– Бұл кешен иесіз қалды. Паркингте тышқандар қаптап жүр. Бұрын кіреберісте адам нәжісі де табылған, себебі камера болмаған, ал есіктер дұрыс жабылмайтын. Кез келген адам кіре алатын. Президент әкімшілігіне шағымданғаннан кейін ғана камера орнатылды, – дейді тұрғындардың бірі.

“БІРІНШІ ЖЫЛ ШАҒЫМДАНЫП ТҰРҒАН ЖОҚПЫЗ”

“Адам Арманы” тұрғындары бұл мәселелерді алғаш рет көтеріп отырған жоқ. Екі жыл ішінде олар Астана әкімдігіне де, Президент әкімшілігіне де шағым түсірген, бірақ мәселе шешілмеген.

– Біз құрылысты жүргізген компанияға тым көп мүмкіндік беріп қойдық. Енді соның зардабын тартып отырмыз. Бір жылда ештеңе істелмеді, – дейді тұрғындар.

ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫ НЕ ДЕЙДІ?

Ulysmedia.kz тілшісі құрылыс компаниясының басшысы Жарқын Балтабековпен байланысқа шықты. Ол барлық жұмыс жақын арада аяқталатынын айтып сендірді.

– Инвестормен келісімшарт бекітілген. Қазір тек бір мәселе шешілмей тұр. Қаржы бөлінеді, бұл келісілген – үш траншпен. Барлық жұмысқа дайынмын, тек қаржыны күтіп отырмын. Қалған жұмыс бір жарым айдан сәл-ақ асады. Барлығы толық әрі сапалы орындалады! Бірақ қаржы құжаттарын инвестор талабына сай рәсімдеу керек, – деді ол.

Бұл компания жүзеге асырған алғашқы жоба емес. Бұған дейін олар “Нипи”, “Тұмар”, “Ай Су”, “Қашаған” тұрғын үй кешендерін салған. Алайда бұл нысандардағы жұмыс барысы қалай жүргізілгені жайлы нақты ақпарат жоқ.

Сәтсіз жобаға ұрынып қалған кейбір тұрғындардың айтуынша, қазіргі таңда оларда үміттен басқа ештеңе қалмаған. Себебі үйге берілген кепілдік мерзімі 2025 жылғы желтоқсанда аяқталады.

Серіктес жаңалықтары