"Ақжайық" мемлекеттік табиғи резерватының аумағында қамыс өсімдіктері өртеніп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, осы сағатта алдын ала өрт алаңы – шамамен 30 гектар. Жалпы ауданы – 280 гектар, оның 250 гектары сөндірілді.
Қазіргі уақытта ТЖМ құтқарушыларымен өрттің одан әрі таралуын болдырмау үшін сөндіру және жер жырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Елді мекендерге қауіп жоқ.
– Сондай-ақ, жұмылдырылған “Қазәуеқұтқару” АҚ тікұшағымен 10 рет 30 тонна су төгу жұмыстары жүргізілді. Өртті сөндіруге Атырау облысы ТЖД, “Ақжайық” МТР жеке құрамынан 110 адам және 26 техника, сондай-ақ ТЖМ “Қазәуеқұтқару” АҚ тікұшағы жұмылдырылды, – делінген хабарламада.
Жердің сулы-батпақты және қамыстардың қалың, биік болуы қамыс жануын сөндіруге қиындық туғызып жатыр.
Оқиға орнында төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы жүр. Өрт сөндіру штабы құрылды.
Еске салайық, кеше, 30 мамырда Құлсарыдағы Махамбет Өтемісұлы даңғылы бойында газ-ауа қоспасы жарылып, артынша алапат өрт шықты.