Құлсарыдағы жанар-жағармай құю бекетінде болған өрттен зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Қызыл жалынның салдарынан жалпы саны 16 адам зардап шекті. 31 мамырдағы жағдай бойынша 5 азамат аудандық ауруханада жатыр. Алты адам амбулаториялық ем алу үшін үйлеріне жіберілді. Сонымен қатар үш науқас облыстық ауруханаға ауыстырылды.
– Ауруханадағы медициналық көмек көрсетіліп жатқан пациенттердің жасы – 25-75 аралығында. Олардың күйік шалу көрсеткіші 5-22 пайыз арасында. Пациенттердің жағдайы тұрақты. Олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, – деді Жылыой аудандық ауруханасының директоры Асулан Әбдірахманов.
30 мамыр күні Атыраудан Құлсарыға төрт дәрігер жіберілген.
ҚАЗА ТАПҚАНДАР ТУРАЛЫ
Атырау облысы төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің болжамынша, жарылыс газ таситын жүк көлігінен резервуарға автогаз құйылып жатқан уақытта болған. Салдарынан екі ғимарат өртенді. Қызыл жалын 450 шаршы метр аумақты шарпыды.
– Қазіргі уақытта өрттің себебін анықтау мақсатында департаменттен үш, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен тағы үш маман оқиға болған жерде жұмыс істеп жатыр, – деді Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Нариман Өтешов.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев және жергілікті атқарушы орган өкілдері өрт салдарынан қаза тапқан екі азаматтың үйіне барып,туған-туыстарына көңіл айтты. Жылыой әкімдігі тарапынан аталған жанұяға қажетті көмек көрсетілетіні айтылған.
Жергілікті Atyrauoil.news Instagram парақшасының мәліметінше, қаза тапқандар – бекет қызметкерлері. Жарылыс болған сәтте олар жұмыс ауысымында болған.
Еске салайық, кеше, 30 мамырда Құлсарыдағы Махамбет Өтемісұлы даңғылы бойында газ-ауа қоспасы жарылып, артынша алапат өрт шықты.