Неміс бейбітшілік зерттеушілері Еуропаға АҚШ-сыз қорғанысқа дайындалатын уақыт келгенін мәлімдеді – тіпті қажет болса, АҚШ-тың өзіне қарсы тұруға да әзір болу керектігін ескертті. Олардың пайымынша, Трамп Ақ үйге қайта оралған жағдайда, НАТО-ның болашағы бұлыңғыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Германияда бейбітшілік пен қақтығыстар мәселелері бойынша жетекші мамандар әзірлеген жыл сайынғы Friedensgutachten-2025 баяндамасы жарияланды. Құжаттың мазмұны дабыл қаққандай әсер қалдырады: трансатлантикалық одақ ыдырауға бет алды, ал Еуропаға АҚШ-тың қолдауынсыз өмір сүру шындығына дайындалу керек.
Франкфурт-на-Майнедегі Бейбітшілікті зерттеу институты директорының орынбасары Кристофер Дазенің айтуынша, Трамп әкімшілігі халықаралық ұйымдардан шықты, өзге елдерге көмекті қысқартты, жаңа кедендік баж салығын енгізді және одақтастарына қоқан-лоқы көрсете бастады. Оның сөзінше, небәрі қысқа уақыт ішінде АҚШ «ең көне демократиядан авторитарлық режимге» айналып шыға келді, ал қазір Америка Құрама Штаттарының өзі жаһандық тұрақсыздық факторы болып отыр.
Зерттеушілердің пайымынша, Германия мен Еуроодақ шұғыл түрде өз қауіпсіздігін нығайтып, автономды қорғаныс жүйесін әзірлей бастауы тиіс. Баяндамада PESCO аясындағы қорғаныс ынтымақтастығын күшейту, ЕО-ның әскери миссияларына инвестицияны арттыру және тіпті бұрынғы одақтастармен қақтығыс болу ықтималдығына дайындалу қажет екені айтылған.
Сарапшылар Еуропа қауіпсіздігі тек қарулануға сүйенбеуі керек екенін атап өтті. Әскери әлеуетті арттырумен қатар, қару-жарақты бақылау мәселесі жөніндегі диалогты қайта жандандыру ұсынылады — бұл қырғи-қабақ соғыс жылдарындағыдай өзекті шара болмақ.