Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев журналистермен кездесу барысында Қазақстанда киік етін сатуға дайындық жүріп жатқанын мәлімдеді. Алайда олардың санын реттеу бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Нысанбаевтың айтуынша, қазіргі таңда ауыл шаруашылығы министрлігі киік етін өңдеу мәселесін қарастырып жатыр.
– Қазіргі таңда тәулігіне 3700 басқа дейін қабылдай алатын зауыттар бар. Бұл мәселеге біз жауапкершілікпен қараймыз. Біз АШМ-мен бірге барлық ет комбинаттарын қарап шықтық, олардың нақты дайын екеніне көз жеткіздік, – деді министр.
Ведомство басшысы киіктердің санын реттеу бойынша зоология институтының зерттеу жұмыстары аяқталуға жақын екенін айтты.
ЗАУЫТТАР ҚАЙДА ОРНАЛАСАДЫ
– Егер реттеу басталатын болса, киік еті комбинаттар арқылы бөлшек саудаға шығарылатын болады. Қазіргі таңда бірнеше зауыт өңдеуге дайын. Бизнес тарапынан үлкен қызығушылық бар, – деді ол.
Министрдің сөзінше, зауыттарды киіктер мекендейтін өңірлерге – Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарына орналастыру жоспарланып отыр.