×
510.19
582.79
6.46
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
510.19
582.79
6.46

РФ аэродромдарына шабуыл жасады деген күдікті Астанада транзитпен болған – БАҚ

Бүгін, 10:06
РФ аэродромдарына шабуыл жасады деген күдікті Астанада транзитпен болған – БАҚ
Ulysmedia коллажы

Ресей әскери аэродромдарына шабуыл ұйымдастырды деген күдікке ілінген Артем Тимофеев Қазақстаннан шығып кеткен болуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ІЗДЕУ

Ресей ішкі істер министрлігі Артем Тимофеевке іздеу жариялады. Ол 1 маусымда Ресейдің бес өңіріндегі әскери аэродромдарға жасалған украин дрондарының шабуылына қатысы бар деген күдікке ілінді. Оның деректері ІІМ-нің “Іздеу” дерекқорында жарияланған. Онда Тимофеевтің ұлты – украин, туған күні – 1987 жылғы 8 желтоқсан, туған жері – Житомир екені көрсетілген. Қай бап бойынша ізделіп жатқаны нақтыланбаған.

ҚАШУ

Бұған дейін Тимофеевтің әйелімен бірге Қазақстанға бет алғаны туралы деректер жарияланған болатын. Челябі облысынан Астанаға бара жатқан жолда әйелі Telegram-арнасына суреттер жүктеп, оқырмандарынан мысықты жолда дәретке қалай отырғызуға болатынын сұраған. Кейінгі жазба 28 мамырда жарияланған. Қазір Telegram-арна өшірілген. uraru-дің мәліметінше, Тимофеевтер Астанадан басқа елге ұшып кетуді жоспарлаған, алайда қайда нақты бет алғаны белгісіз.

ТУЫСТАРЫНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Тимофеевтің туыстары оның жоспарынан бейхабар болған. Әжесі бұл тақырыпты ешкіммен талқылағысы келмейтінін айтқан. Оның сөзінше, немересінің қайда екені белгісіз, украиндармен байланысы жайлы да ештеңе білмейді.

– Мен өзім оның туған әжесімін, ешкім ештеңе білмейді. Ешкіммен сөйлескім келмейді, өйткені біз ештеңе білмейміз. Ал сіздер мұны қайдан білесіздер?, – деді ол РИА Новостиге берген сұхбатында.

ТИМОФЕЕВ ЖАЙЛЫ

Медиа таратқан мәліметтерге сәйкес, Тимофеев украиналық ұшқышсыз ұшу аппараттарын (БПЛА) жинау үшін қоймаларды жалға алған, сондай-ақ оның дрондарды Мурманск пен Иркутск облысына тасымалдауға арналған жүк көліктері болған. Ол шабуылдан бірнеше күн бұрын елден қашып шығып, әйелімен бірге Астанаға барған деген мәлімет бар.

Ресейдің құқық қорғау органдары Қазақстан тарапымен байланыс жасағаны туралы ақпарат әлі жарияланған жоқ.

АЭРОДРОМҒА ШАБУЫЛ

Биыл 1 маусымда украиналық дрондар Ресейдің бірнеше стратегиялық әуе базасына, оның ішінде Сібірдегі нысандарға бағытталған ауқымды шабуылды жасады.

Украина ұлттық қауіпсіздік қызметі (СБУ) бұл операция кезінде Ресейдің стратегиялық авиациясына тиесілі ұшақтардың 34%-ы зақымданғанын хабарлады. Киевтің есебі бойынша, зақымданған ұшақтардың жалпы құны шамамен 7 миллиард АҚШ долларын құрайды.

Серіктес жаңалықтары