Футболдан Өзбекстан ұлттық құрамасының әлем чемпионатына жолдама алуын қазақстандық желі қолданушылары қызу талқылап жатыр. Бірі қуанса, енді бірі қазақ футболының қазіргі жағдайын айтуда, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
5 маусымда Өзбекстан құрамасы Абу-Дабиде БАӘ құрамасымен 0:0 есебімен тең ойнап, 2026 жылғы әлем чемпионатына жолдама алды. Осыдан соң интернетте Өзбекстан футболына қатысты жазбалар көбейді. Қазақстандық спорт журналисі Аслан Қаженов «өзбек құрамасына қызыға да қызғана қаруға мәжбүрміз» деп жазды. Оның сөзінше, Қазақстан футболы жемқорлық пен тамыр-таныстықтан ары аса алмай келеді. Соның салдарынан көрсететін нәтижесі де өте нашар.
Соңғы 18 жылда қазақ футболына 700 млрд тг қаржы бөлінген. Оның бәрін аға-көке мен Мәке-Жәке қалтасына басты. Олар өзінің ғана қамын ойлап, бүкіл халықты қуанышынан айырды. Қазақ футболының ақшасын жейміз деп, қазақ футболының болашағын да бірге жеп қойды. Бұл – нағыз сатқындық. Өткен нәрсе өтті дейік. Ал, қазір нақты жоспар бар ма? Хоть 10 жылдан кейін не 20 жылдан кейін осы биікке шыға аламыз ба? Әрине, жоқ. Бұлар сеніммен қатар, үмітімізді де жоқ қылды. Иә, кішігірім жобалар қолға алынады. Бірақ, оның соңын білеміз. Барлығы әбден майшелпекке айналдырып, ішіп-жеп, ойнап-тойлап, үрім бұтағымен тойғаннан кейін аяқсыз қалдырады, – деп жазды журналист Facebook парақшасына.
Бақыт Бектасов есімді желі қолданушысы да Асылан Қаженовтің пікірін қолдайтын жазба жариялаған. Оның сөзінше, Өзбекстан футболшылары қазір еуропаның үздік чемпионаттарында өнер көрсетіп жүр.
Өзбек ағайындар бельгияның жолын таңдады және жүзеге асырды. Орталық азиядан алғаш болып өзбек футболшылары топ 5 чемпионатта ойнап жүр. Шомуродов- Ромада, Хусанов-МС, ал Файзуллаев топ клубқа ауысады, құрама ӘЧ-да. Міне нәтиже!!! Ал біздегі жемқорлардың құлқыны құммен толмай ештеңе болмайды, – деді ол жазбасында.
Ал блогер Оңғар Қабден керсінше, Өзбекстан құрамасының жеңісіне қуанып отырғанын жазды.
Өзбекстан футболдан әлем чемпионатында. Құтты болсын, бауырлар. Қуаныштымыз. Лайықсыздар, – деп жазды ол.
Азия футбол қауымдастығына мүше Өзбекстан құрамасы Қырғызстан, Иран, Солтүстік Корея, Катар, БАӘ командаларымен бір топта ойнады. Ереже бойынша топтан бірінші және екінші орын алған құрамалар әлем чемпионатына тікелей жолдама алады. Иран құрамасы 8 ойынының барлығында жеңіп, мерзімінен бұрын жолдама алып қойған.
Өзбекстан әлем чемпионатына алғаш рет барады. Құраманы жергілікті бапкер Тимур Кападзе жаттықтырады.
Бұған дейін әлем чемпионатына 32 ел қатысып келген еді. FIFA 2026 жылдан бастап әлем кубогына 48 ел қатысады деген шешім қабылдаған. Осыдан соң Азия құрлығына берілетін жолдама саны бесеуден сегізге артқан.