Қазақстанның қорғаныс министрі тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Президент Тоқаев Дәурен Қосановты қорғаныс министрі етіп тағайындады.
– Мемлекет басшысының жарлығымен Дәурен Жұматайұлы Қосанов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды, – делінген Ақорданың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
ӨМІРБАЯНЫ
Дәурен Қосанов 1969 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. 1990 жылы Армавир жоғары әскери авиациялық ұшқыштар училищесін аяқтаған. Содан кейін әскери-әуе академиясына оқуға түскен. 2005 жылы Ю.А.Гагарин атындағы әскери-әуе академиясын, 2013 жылы Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясын тәмамдаған.
Қызметін Үшарал жауынгерлік полкінен бастаған. Содан кейін Талдықорғандағы «Су-27» эскадрильясының командирі, Қарағанды авиабазасы штабының бастығы, Шымкент авиабазасының командирі болған.
Ал 2013 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы болып тағайындалды.
2019 жылы бұл қызметінен босатылып, Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының бастығы болды.
2022 жылдың қазанында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері бас штабы бастығының бірінші орынбасары, ал екі айдан соң, Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы болып тағайындалған.
2024 жылы оған авиация генерал-лейтенанты атағы берілген.
2024 жылғы 28 қыркүйекте Мемлекет басшысының өкімі бойынша Қазақстан Республикасы қорғаныс министрінің орынбасары – Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы болып тағайындалды.
Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты қызметінен алып тастағанын хабарлаған едік.