«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов құпияланған жалақы мен үстемақы туралы журналистер сұрағын «философиялық сұрақ» деп атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
Ақорда кулуарында журналистер Нұрлан Жақыповтан дау болған «Самұрық-Қазына» топ-менеджерлерінің қыруар жалағы мен үстемақысы туралы сұрады. Жақыпов қордағы өзге топ-менеджерлердің де, өзінің де қанша жалақы алатынын айтудан бас тартты.
Философиялық сұрақ. Бізде корпоративтік стандарт, келісімшарт, құқықтық стандарт бар. Заңдық шектеулерге байланысты біз өзіміздің жалақы, компенсация, бонус, үстемақымыз туралы ақпаратты жариялай алмаймыз. Бұл дұрыс па, қате ме – философиялық сұрақ. Мүмкін осы жағдайларды реттейтін қазіргі құқықтық-нормативтік актілерге өзгертулер енгізден дұрыс шығар, – деді Жақыпов.
«Самұрық-Қазына» қорының ашықтығына қатысты дау ұзақ жылдан бері айтылып келеді. Кейінгі кездері оны тарату туралы депутаттар да ұсыныс айта бастады. Оған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қорды реформалау қажеттігін айтқан. Бірақ сарапшылар қорды реформалап немесе толықтай тарату үшін саяси ерік-жігер керек деген пікір айтады.
Мамыр айында «Самұрық-Қазына» қорына аудиторлық тексеріс жүргізіліп жатқаны туралы айтылған. Әзірге оның нәтижесі белгісіз. Бұған дейін Ulysmеdia қорды таратудың саяси және экономикалық маңызы қандай екені туралы материал жариялаған.