×
508.42
580.72
6.48
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
508.42
580.72
6.48

«Бала деген өртене беретін отын емес қой»: еңбек вице-министріне өткір сұрақтар қойылды

10.06.2025, 12:33
«Бала деген өртене беретін отын емес қой»: еңбек вице-министріне өткір сұрақтар қойылды
Ұлысмедиа коллажы

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегайға Ulysmedia.kz тілшісі бес баласынан айырылған отбасының қайғысынан кейін Қазақстанда күнкөріс минимумы шегі өсе ме деп сұрақ қойды.

ШЕГАЙ НЕ ДЕЙДІ

Бүгін үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова баяндама жасағанымен, журналистердің алдына шыққан жоқ.

Күнкөріс минимумының өсімі Қазақстанның республикалық бюджетінің заңымен бекітіледі. Жыл сайын инфляция мөлшеріне қарай индексацияланады. Бұл мөлшер негізгі базалық төлемдер мен жәрдемақыларға да әсер ететінін атап өту керек. Базалық зейнетақы да сол. Базалық мемлекеттік-әлеуметтік жәрдемақы, мүгедектігі бар адамдарға және асыраушысынан айырылғандарға да берілетін төлем да соған байланған. Сондықтан, күнкөріс минимумы мөлшерін қанша есе өссе, соншалықты республикалық бюджеттің шығынын арттырады. Сол себепті күнкөріс минимумы мөлшерін арттыру-арттырмау мәселесіне еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ғана емес, үкіметтің экономикалық блогы да жауап береді. Индексацияны есептемегенде оны арттыру мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Тиісінше, бұл тақырып жақын арада көтерілмейді, – деді Шегай.

Шегайдың сөзінше, бұл отбасы көпбалалы отбасы және кішкентай баласының бір жарым жасқа толғанға дейін берілетін жәрдемақы ретінде134 мың теңге алған. Әкесінің айлығы 190 мың теңге болған. Яғни, отбасындағы әр адамға 46-47 мың теңгеден айналған.

ОСЫ СОМАҒА ӨЗІҢІЗ ӨМІР СҮРЕ АЛАР МА ЕДІҢІЗ

Журналистер баспасөз мәслихаты барысында вице-министрден “сіз өзіңіз отбасыңыздағы әр балаға 47 мың теңге жұмсап өмір сүре алар ма едіңіз?” деп сұрақ қойды. Шегай өзі де көпбалалы отбасынан шыққанын (алты бала), өзінің әке-шешесі де жұмыс істегенін айтты. 

Құдайға шүкір, ата-аналар бізге бәрін берді, оқытты-тоқытты, тамағымызды тоқ қылды. Өзім де үш баланың анасымын. Өмірге бала әкелген кез келген ата-ана балаларына бәрін бергісі келеді. Сол себепті бұл сұраққа жауап беруге құзіретті емеспін, – деді ол.

“Яғни, бұл сол отбасының таңдауы болды ма?” деген сұрақ қойылғанда модератор сөзге араласып, келесі сұрақты қоюды өтініп, Шегай соңғы сұрақты жауапсыз қалдырды. 

Баспасөз мәслихатынан кейін журналистер “бала деген өртене беретін отын емес қой, неге министр осы трагедиядан кейін мәлімдеме жасамады” деп сұрақ қойған. Бұл сұраққа Шегай нақты жауап бере алмады. 

“БАЛАНЫ ОТҚА ЖАҒАЙЫН ДЕП ДҮНИЕГЕ ӘКЕЛГЕН ЖОҚ ҚОЙ”

4 маусымда Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Жымпиты ауылында бір отбасының бес бірдей баласы ыс тиіп қаза болғаны туралы хабар тараған. Үйдің ішінде 30 шаршы метр жер өртенген. Балалар ыстан есінен танып қалған. Кейіннен ауруханада көз жұмған. 

Қаза болған балалардың ең үлкені 6 жаста болған. Қалғандары 2020, 2021, 2023 және 2024 жылы туылған. Өрт кезінде ата-анасы жұмыста болғаны айтылған.

Жақындары мен көршілерінің айтуы бойынша, отбасы ауылда пәтер жалдап тұрған.  Ulysmedia.kz  тілшісі сөйлескен қара жамылған отбасының туыстарының бірі «Баланы отқа жағайын деп дүниеге әкелген жоқ қой» деген.

Бес төмпешік болып қалды да барды. Бір күннің ішінде мінекей. Бесеуі бірдей әке мен шеше аңырап қалды. Жағдайы, үйі жоқ, күйі жоқ адам қандай болады. Көмек болғанда сол ғой енді. Басқа не бар айтатын, – деген ол.   

“БАЛАБАҚШАҒА ӨТІНІШ БЕРГЕН ЖОҚ”

Бүгін вице-министр  Виктория Шегайдың сөзіне ұқсас пікірді Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов та айтқан. Ол бір күнде бес баласынан айырылған отбасы “көпбалалы отбасы ретінде мемлекет тарапынан көмек алып отырды. Отбасы балаларды балабақшаға тұрғызуға қатысты өтініш берген жоқ” деген. 

Балабақшаға өтініш бермеген. Оны анасынан сұрайсыз. Себебі біз оны қарадық. Базаға бірде-бір өтініш бермеген... Қазір байқаған боларсыз, әрбір баланың арасы бір жастан негізінен. Анасы енді үйде отыр ғой былай қарап тұрғанда, – деген аудан әкімі. 

ӨРТЕНГЕН БҮЛДІРШІНДЕР

Қазақстанда өрттен қаза болған балалар жайлы ақпарат жиі шығады. 2019 жылы ақпанда Астананың шетіндегі Көктал-1 елді мекеніндегі шағын жер үйде өрт шығып, бір отбасының бес қызы көз жұмған. Олардың үлкені 12 жаста, ал кенжесі тоғыз айлық еді. Өрт болғанда қыздардың ата-анасы түнгі ауысыммен жұмысқа кеткен. Қоғамдық резонанстан кейін қаралы отбасына үй берілген. 2024 жылы қазанда Қостанай облысы Жітіқара қаласында жеке үйде өрт болып, бес бала өлі табылған. Ақпанда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Талды ауылында жеке үйден өрт шығып, төрт бала көз жұмған.

Серіктес жаңалықтары