Ақтөбе соты балаларын тұншықтырып өлтірген 29 жастағы әйелді қылмыстық жауапкершіліктен босатты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық сотының шешімі бойынша, Атырау облысының 29 жастағы тұрғыны психиатриалық клиникада ем алатын болады.
Mgorod.kz мәліметінше, әйел декретке шыққанға дейін ауылда информатика пәнінен сабақ берген. Ол қазір Алматы облысы Талғар қаласындағы республикалық психиатриалық клиникаға жатқызылған. Сотқа әйелдің өзі қатысқан жоқ. Оның мүддесін адвокаты мен ағасы қорғады. Іс бойынша күйеуі жәбірленуші тарап ретінде танылған.
Медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, екінші баласын босанғаннан кейін әйел депрессияға ұшыраған. Ол өмір сүргісі келмейтінін, балаларының болашағы жоғын айтқан. Сарапшылар оған суицидке бейім параноидалды шизофрения диагнозын қойған. Күйеуі оны қылмыстық жауапкершіліктен босатып, емдеуді сұраған.
Қайғылы оқиға биыл 21 наурызда Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласында болған. 29 жастағы әйел өзінің 3 жас және 11 айлық балаларын жастықпен тұншықтырып өлтірген. Ол бұған дейін Атырау облысы Сағыз ауылындағы өз үйінде балаларын бірнеше рет өлтірмек болғаны туралы айтылған.