Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр көлік министрі қызметінен кеткен Марат Қарабаевтың отставкасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Аталған сұрақ журналистер тарапынан Ақордада қойылды. Склярдың айтуынша, бұған дейін қауіпсіздік кеңесінің отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Марат Қарабаевтың жұмысын сынға алған болатын.
– Демек, бұл шешімге белгілі бір себептер болған. Басшыларда шешілуі тиіс міндеттер болады. Қарабаев министрлікке жүктелген міндеттердің бір бөлігін орындады. Енді министрлікке келген жаңа басшы алдағы міндеттерді орындайтын болады. Мемлекет басшысының тарапынан өте қатты сын айтылғанын білесіздер. Меніңше, көлік министрлігінің жұмысына әлі де талдау жасап, жұмыс істеу керек, – деді Скляр.
МАРАТ ҚАРАБАЕВ
Марат Қарабаев көлік министрі қызметін 2023 жылғы 2 қыркүйектен бастап атқарды. Ол 8 маусымда отставкаға кетті. Ал 14 мамыр күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласын дамыту мәселелері бойынша Қазақстанның қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізген. Сол жиында Марат Қарабаевқа жұмыстағы кемшіліктері үшін сөгіс жариялаған еді. Сол жиында мемлекет басшысы көлік-логистика саласындағы проблемаларды шешуге қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырған.