Словакия Республикасының премьер-министрі Роберт Фицо Қазақстан жерінде өзіне және делегациясына көрсетілген құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
1944-1945 жылдары Словакияны азат етуге қосқан өлшеусіз үлестеріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін. Кеңес әскері сапында Қазақстанның миллионға жуық сарбазы қан майданда шайқасты. Олардың ішінде 60 мыңға тарта жауынгер Словакияны жаудан қорғау үшін жанын пида етті. Сол сұрапыл уақытта Словакияға жасаған жақсылықтарыңызды ешқашан ұмытпаймыз. Жоғары Мәртебелі, Сіздің еліңізді дамытуға және Әділетті әрі Өркендеген Қазақстанды құруға бағытталған өршіл бастамаларыңызды асқан қызығушылықпен бақылап отырмыз. Еуропа Одағындағы әріптестеріме тек Ұйым шеңберіндегі жұмыспен шектелмей, әлемге кеңінен қарап, өзге де мемлекеттердің жетістіктерін зерделеу керек екенін үнемі айтып келемін. Біз дүние жүзіндегі серіктестерімізбен белсенді ықпалдастық орнатып, ынтымақтастықты нығайта беруіміз қажет, – деді Роберт Фицо.
Келіссөз барысында тараптар қазақ-словак байланысын дамытуға ықпал ететін серіктестікті одан әрі нығайтуға, жаңа бастамаларды іске асыруға бейіл екенін растады.
11 маусымда Ақордада Словакия Республикасының премьер-министрі Роберт Фицоны ресми қарсы алу рәсімі өтті. Ол Қазақстанға ресми сапармен келген.
Роберт Фицо – Словакия Республикасының қазіргі премьер-министрі. 2023 жылғы қазанда үкіметті үшінші рет басқарып отыр. Smer-SD («Бағыт – әлеуметтік демократия») партиясының жетекшісі, антиресейлік санкцияларды сынап, көпполярлы әлемді қолдайтын ұстанымымен танымал.